Орталықта 25 метрлік бассейн, арнайы жаттығу залдары, спорттық ойын түрлеріне және үстел теннисіне арналған залдар бар. Ғимарат аумағында футбол алаңы мен жүгіру жолақтары салынған. Жыл сайын орталық 420 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда жүзу мен боччадан бастап дзюдо, пауэрлифтинг және голболға дейін 20-дан астам паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрін дамыту жоспарланып отыр. Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде 31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, олардың шамамен 1900-і спорт секцияларына қатысады. Орталықтың ашылуы спортпен шұғылдануға қолжетімділікті арттырып, тұрақты инклюзивті спорттық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай инклюзивті спорт орталықтарын еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр.