Мұнда психикалық дамуы, сөйлеу қабілеті тежелген және аутизм спектрі бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар арнайы терапиядан өте алады. Барокамерада олар жоғары қысым жағдайында таза оттегімен тыныс алады, бұл мидың қан айналымын жақсартып, оның жұмыс істеу белсенділігін және зат алмасу үдерістерін күшейтеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай терапия жаңа қан тамырларының қалыптасуына ықпал етіп, есте сақтау, сөйлеу және басқа да неврологиялық функциялардың дамуына оң әсер етеді.
Сонымен қатар, ол ағзаны шыңдап, иммунитетті қолдауға көмектеседі. «Дара бала» түзету орталығында ашылған жаңа кабинет айына 25 балаға дейін қабылдай алады және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған оттегі терапиясы қызметтерін көрсетеді.
Жоба қордың бірыңғай қайырымдылық операторы — Samruk-Kazyna Trust-тың қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Бүгінде қордың қолдауымен ел бойынша 55 оңалту орталығы ашылған. Сондай-ақ, Астанада, Ақмола және Атырау облыстарында 31 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр.