Жаһандық дағдарыс пен пандемияға қарамастан холдинг былтыр өз қызметін табысты атқарған. Қорға қарасты компаниялар қызметкерлерінің жаппай қысқаруына жол бермеген. Қор компанияларының активтерінің өсімі 800 миллиард теңгеге жеткен.
Ахметжан Есімов соңғы 3 жылда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры займдарды өтеу үшін өз бастамасымен Ұлттық қорға 554 миллиард теңге қаржы аударған. Холдингке қарасты компаниялардың бизнес-үдерістерін цифрлық трансформациялау нәтижесінде 171 миллиард теңге пайда түскен.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстар туралы ақпарат берілді. 2018-2020 жылдардың қорытындысына сәйкес сатып алулар бойынша үнемделген қаржы 410 миллиард теңге болды.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде «Самұрық-Қазына» холдингінің кредиттік рейтингі BB+/B «Тұрақты» деңгейде екенін халықаралық Standart & Poor`s рейтинг агенттігі нақтылады.
Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай бағасының едәуір арзандағанына және OPEC+ компаниясының шектеулеріне қарамастан, қаржылық рейтингте оң көрсеткішін сақтап қалғанын хабарлады. «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамы соңғы 6 жылда бірінші рет өткен жылды қаржылық тұрғыдан пайдамен аяқтаған. «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» акционерлік қоғамы активтерінің құны IPO-ға (2018 жылы) шығарылғалы бері 2,1 миллиардтан 5,1 миллиард АҚШ долларына дейін көтерілген. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының қарызы 100 миллиард теңгеге азайып, қаржы тұрақтылығының «қызыл» аймағынан «жасыл» аймағына өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.