Газиантеп провинциясының Нұрдағы ауданында ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп 14 қыркүйекте алғаш рет оқушыларды қабылдады. Мектеп 2023 жылы 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен өңірді қалпына келтіру мақсатында Қазақстан атынан жүзеге асырылған жобалардың бірі болды.
Мектеп құрылысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жүзеге асырылды. Нұрдағы – жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен қалалардың бірі. Қайғылы оқиғадан кейін алғашқы күндері қазақстандық мамандар мұнда құтқару жұмыстарына қатысқан еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы мен ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» мен KazAID арасында Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен өңірінде мектеп құрылысын қаржыландыру туралы келісім жасалды.
Мектеп 900 оқушыға арналған, онда 50 маман жұмыс істейді. Оқушылар үшін заманауи білім беру инфрақұрылымы салынып, сапалы білім алуға және жан-жақты даму үшін барлық қажетті жағдай жасалды.