Инклюзивті лагерьде ерекше балалар бочча, спидбол, футбол, корнхол және садақ ату сияқты бейімдеу және паралимпиадалық спорт түрлерінен жаттығады. Психологтар мен еріктілер әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша тренингтер мен ойындар өткізеді. Сонымен бірге ата-аналар үшін психологиялық көмек және жеке консультациялар жүргізіледі.
«Мүмкіндігі шектеулі балалар жастайынан қоғамнан шет қалып жатады. Лагерьді айтпағанда түрлі секциялар да қолжетімсіз. Сондықтан осы инклюзивті лагерь балалардың психологиялық кедергілерін жойып, қоғамда бейімделуіне мүмкіндік ашады», – дейді «ДЦП Life» қорының директоры Зәуре Итенова.
«All Ability Camp» лагерінің соңғы маусымына Қазақстанның әр өңірінен 50 ерекше бала мен олардың ата-аналары келді. Олардың тең жартысы «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниялары қызметкерлерінің балалары.
«ДЦП Life» қоры ұйымдастырған «All Ability Camp» спорттық әрі инклюзивті лагері биыл жұмысын 19 маусымда бастаған. Жоба аясында 5 айдың ішінде еліміздің түрлі аймағынан 200 бала мен 200 ата-ана тегін демалды.