Жуырда Директорлар кеңесі Қордың сатып алу рәсімінің жаңа жобасын бекітті. Бұл тұжырымдама басқа құжаттарға сілтемесіз барлық сатып алу рәсімдерінің сипаттамасын қамтиды және тікелей әрекет құжаты болып табылады. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру негіздері қысқартылды, жалпы жұртшылықты тарта отырып, санат бойынша сатып алуды басқару және алдын ала біліктіліктен өткізу процесінің ашықтығы арттырылды. Ішкі ынтымақтастық шеңберіндегі кәсіпорынаралық сатып алу әдісі жойылды. Отандық тауар өндірушілер мен ШОБ субъектілерін қолдаудың жаңа шаралары енгізілді.
Кадр саясаты толығымен реформаланды. Бұл ретте, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді, онда басқарушылық (10-нан 5-ке дейін) және әкімшілік (248-ден 124-ке дейін) персонал екі есеге қысқарды. Сәйкесінше, құрылымдық бөлімшелердің саны 33%-ға оңтайландырылды (27-ден 18-ге дейін).
Қор компаниялары тобындағы сатып алулар бойынша басшы лауазымдарға үміткерлерді қабылдау рәсімдері қайта қаралды. Жаңа көтерілген талаптарға сәйкес сатып алуды қамтамасыз бағытында жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қордың еншілес мекемелерінде осы салаға жауапты 55 басшы деңгейіндегі қызметкер босатылды.
«Енді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша басшылық лауазымға үміткерлердің әрқайсысы Қауіпсіздік және сәйкестік қызметтерімен тексеріледі. Әрбір талапкердің өмірбаяны жан-жақты зерттеледі. Әңгімелесу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы тұру үшін психологиялық профильдеу және полиграф қолданылады», - деді қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі Басқарушы директор Ғибрат Ауғанов.
Жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде Қор Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз ынтымақтасады, «Самұрық-Қазына» қорындағы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерін жоюға жан-жақты көмек көрсетеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық Энерджи» және «Қазақстан темір жолы» компанияларының бұрынғы басшыларына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттеріне келетін болсақ, Қордың қазіргі лауазымды тұлғаларының ешқандай тергеу әрекеттеріне еш қатысы жоқтығын айта кеткен жөн. Қордың жаңа басшылығы Антикормен тығыз байланыста жұмыс істейді және объективті тергеуге мүдделі.
Қор сәйкестік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша озық тәжірибелерді енгізуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Жаңартылған қорда Қоғамдық кеңестің рөлі артты. Енді әрбір қазақстандық «Самұрық-Қазына» АҚ қызметіне қатысты өз ұсынысын айта алады. Ресми сайттың арнайы бөлімінде Қоғамдық кеңестің келесі отырысында мұқият қаралатын реформаның негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарын жолдауға мүмкіндігі бар. Талқылау нәтижелерін ағымдағы жылдың сәуір айында көпшілік назарына шығару жоспарлануда.
Қор «делдал фирмалар» деп аталатындарға қоғам тарапынан наразылықтың көптеп болуын ескерді. Қазіргі уақытта Қор жетекшілік ететін салаларда медиацияны алып тастау процесі жүріп жатыр. Мәселен, энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен 44 шарт бұзылады. Екіжақты келісімдерден бас тарту туралы шешім қабылданды, электр энергиясын көтерме сату ендігі уақытта ашық жолмен немесе қор биржалары арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстанның ішкі қажеттілігін газбен қамтамасыз етуге қатысты экспортты қысқартып, ішкі нарыққа 2 миллиард текше метр газ жіберу туралы шешім қабылданды. Мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу нарығына қатысушыларға, газ нарығын дамытуға, көмір мен электр энергиясын жеткізуге, инфрақұрылымға қол жеткізуге, вагондарды жеткізуге кедергілер жойылуда.
Жаңа стратегия жүзеге асырылатын 3 жыл ішінде шамамен 8,2 миллиард доллар инвестиция тартуға, кемінде 10 мың жұмыс орнын ашуға және 24 жаңа өндіріс орнын іске қосуға мүмкіндік болжамы бар.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің, сондай-ақ қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің рөлі күшейтілді.
Облыстық бюджеттерге салық түсімдері ұлғайып, аймақтарды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жағдайды тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Тұрғындарды жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары әзірленіп, іске асырылуда.
Сондай-ақ, айлық көлемі аз жұмысшыларға назар аударылып, өндірістік қызметкерлердің жалақысын арттыруды саралау шаралары қабылданды. Бұл нақты қадамдар басшылық пен қатардағы қызметкерлер жалақысындағы алшақтықты азайтты.
«Самұрық-Қазына» қоры әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындайды. Әсіресе, осы мақсатта бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры құрылды. Оның көмегін өткен жылдың өзінде жарты миллионнан астам қазақстандық сезінді.
Қазір Қор 30 ірі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. 700 мүмкіндігі шектеулі балаға және аз қамтылған отбасынан шыққан 3 мыңнан астам жасөспірімге тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін 6,7 мыңнан астам ерікті рейдтер ұйымдастырылды. Қазақстанда емделмейтін диагнозы бар 140-тан астам бала жыл сайын шетелде емдеуге жағдай жасалуда.
«Әрекет» жобасы аясында Қазақстан бойынша 120-дан астам әлеуметтік кәсіпкер грантқа ие болып, өңірлерде жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасты, мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен ерекше балалары бар аналар өз жобаларын ашты.
Басқарушы директор Ғибрат Ауғанов, Қор мейлінше қызметтің барлық салалары бойынша ашық саясатты жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
Халықты ақпараттандыратын және әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша қоғамның көзқарасын қалыптастыратын журналистер қауымы маңызды мамандықтың иелері екенін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлерді - қоғамдық көңіл-күйге теріс әсер ететін жалған әрі дәлелсіз ақпаратты жариялауға жол бермеуге шақырамыз.
Біз, осы ретте Қор қызметінің барлық аспектілері бойынша диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа ашықтығымызды растаймыз.
Біз қоғам өкілдері мен журналистерді өздерін қызықтырған тақырыпта тікелей сұрақтар қоюға, мәліметтерді нақтылап, ақпаратты толықтыруға қатысты қолғабыс жасауға ынталымыз. Өз тарапымыздан - Қор бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайтынына кепілдік береді.
Бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз - Жаңа Қазақстанды құру туралы Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындай аламыз.
Дереккөз: "Самұрық-Қазына" қорының ресми сайты