Қазылар алқасы жобалардың әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан нақты үлесін, қол жеткізген нәтижелерін, тиімді коммуникациялық стратегиясын және ұтымды PR-шешімдерін жоғары бағалады.
«Шексіз мүмкіндіктер» инклюзивті лагері жыл сайын 500-ге дейін қатысушыны қамтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың спорттық дағдыларын дамытуға, өзіне деген сенімін арттыруға және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Сонымен қатар жоба аясында ата-аналарға кәсіби психологиялық және мотивациялық қолдау көрсетіледі. Жобаны Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторы мен «ДЦП Life» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырды.
Ал «Stem Hanym» жобасы Атырау облысында әйелдердің STEM бағыттарына қатысуын кеңейтуге арналған. Жобаға мыңнан астам әйел педагог қатысып, олардың 300-і сертификатталған STEM-тренер атанды. Бүгінде өңір мектептерінде робототехника үйірмелері ашылып, оқушылардан құралған командалар түрлі жарыстарға қатысып келеді. Жобаны Samruk-Kazyna Trust қоры, ExxonMobil Kazakhstan және USTEM Foundation бірлесіп іске асырды.
Айта кетейік, 2025 жылы «Samruk Marathon» қайырымдылық жобасы да «Ақ Мерген» сыйлығының «Үздік қайырымдылық жобасы» аталымына ие болған болатын.
Қордың аталған бастамалары әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негізделіп, өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған.