Бүгін, 20 сәуірде портфельдік компаниялар басшылығымен өткен кеңейтілген отырыста «Самұрық-Қазына» тобы қызметінің мәселелері, сондай-ақ Қорды басқару жөніндегі кеңес төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Үкіметінің тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қор жұмысының негізгі басымдықтары – тұрақты даму және инвестициялармен таныстырды.
ESG қағидаттарына көшу (қоршаған ортаға, адамдарға қамқорлық көрсету және корпоративтік басқарудың озық практикасы) шығарындыларды азайтуды, энергия тиімділігін арттыруды, ЖЭК дамытуды және портфельдік компанияларды декарбонизациялауды қамтамасыз етеді.
Омбудсмен институтын күшейте отырып, адами капиталдың өсуіне – өндірістік қауіпсіздікті, еңбекті қорғауды, әлеуметтік тұрақтылықты жақсартуға басым көңіл бөлінді.
Әлемдік экономиканың трендтерін және инновациялық даму қажеттілігін ескере отырып, ғылыми-қолданбалы зерттеулер орталығын, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құру жоспарлануда.
Электр энергетикасы, мұнай-газ және тау-кен секторындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыру ерекше бақылауға алынған.
Портфельдік компаниялардың тиімділігін арттыру шеңберінде жүйелі негізде цифрлық трансформация бағдарламасы іске асырылатын болады.