Сонымен қатар, қорды реформалау бағдарламасы мен «QazaqGaz» компаниялар тобын Азия даму банкі тарапынан қаржыландыру мүмкіндігі талқыланды. Қор жетекшісі қазіргі кезеңде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қызметі ел ішіндегі экономиканың нақты секторына инвестиция салуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ, қордың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыруға және тарифтік саясатқа көзқарастарды бірқалыптандыруға бағытталатынын айтты.
Атап өтерлік мәлімет, Қор жалпы сомасы шамамен 3,4 трлн теңгені құрайтын су және газбен жабдықтау, электр энергиясын өндіру және теміржол көлігі саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты бастап кетті. Бұл тарапта жергілікті бизнесті тікелей қолдауға және шетелдік инвесторлармен жұмысты үйлестіруге баса назар аударылып отыр.
Кездесу барысында АДБ өкілдеріне қорды реформалау бағдарламасы туралы хабардар етілді. Оны жүзеге асыру мақсатында 8 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға жоғары сапалы инвестиция тартылмақ. 4 триллион теңгенің 24 жаңа өндірісі іске қосылып, 5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Екіжақты келіссөз нәтижесінде Азия даму банкінің өкілдері қор жүргізіп жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, «Самұрық-Қазына» АҚ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екендерін атап өтті.