К 30-летию Независимости Казахстана | 24 қазан 10:31

«Самұрық-Қазына»: Республика күніне әлеуметтік тарту

Мемлекет басшысы әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетуге ерекше мән беріп отырғаны аян. Ел саясатында адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу негізгі басымдықтар саналады. Инклюзия, яғни тең қоғамды дамыту, медицина мен білім, ауылдық жерлерді дамыту сынды бағыттардың басын қосқан кешенді қағиданы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы да берік ұстанады.

Жыл басындағы II Корпоративтік қайырымдылық форумында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2024 жылғы негізгі бағыттардың қатарында Мемлекет басшысының тап­­сырмасына орай, креативті индус­трия­­ны, қазіргі заманғы қазақ өнерін өр­кен­детуді ерекше нұсқағаны белгілі. Осы айтыл­­­ған­дар­дың бәрін қорыта келе, ұлық мереке қарсаңында, Қор тарапынан Бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы бірқатар ірі де ілкімді, игілікті іс өмірге жол тартты.

Ақтөбеде жаңа оңалту орталығы ашылды

22 қазанда жыл сайын 125 ерекше бала­ны ақысыз қабылдайтын мекемені «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» ҚҚ, «Қамқорлық» КҚ, облыс әкім­дігімен бірлесе іске қосты.

Аутизмі, басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған, заман талабына сай озық құрал-жабдық қойылған күндізгі болу орталығы Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр, 171Б мекенжайында орналасқан.

Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, дамыту шаралары мен оңалтуды ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік, күнделікті бейімделу дағдыларын қамтамасыз етеді. Мұнда оларға тұрмыстық әдеттер: төсектік орын, дастарқан жинау, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ дайындау үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты жетілуіне, дербес әрекет ете білуіне көмектеседі.

«Ерекше бала асырап отырған әр ата-анаға бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету», деді ашылу рәсімінде «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жеткіншектерге ағаш ұстасы, қыш, тігін шеберханаларында дәрістер қарас­тырылып, осы арқылы ерекше өске­лең ұрпақ өкілдері болашақта өзін асы­рауға көмектесетін қолөнер түрлерін мең­ге­реді. Сондай-ақ орталықта адамдармен көз түйістіріп, тікелей араласудан қаш­қақ­тайтын балаларға робот терапиясы қолданылады. Бұдан тыс, балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне де септігін тигізетін, олардың қоғаммен етене араласып, толыққанды өмір сүруіне көмектесетін лего-терапия, арт-терапия, музыкалық терапия сабақтары ұсынылады.

Қор демеушілігімен инклюзивті қо­ғамды дамытуға бағытталған «Қам­қор­лық» бастамасы аясында соңғы үш жылда 43 орталық қолданысқа берілсе, оның ішінде қазіргі заманғы құрал-жабдықпен жаб­дықталған жетінші аутизм орталығы Шымкент қаласы мен Павлодар, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан соң биыл Қостанай өңірінде, Ақтөбе қаласында ашылды.

Ақтөбеде тиісті орталықтан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен оңалту және ерте араласу орталықтары жұмыс істеп, әрқайсысы жылына 600 баладан қамтып отыр. Оларда бүгінде 1994 бала қабылданып, 153-і тәй-тәй басып, алғашқы қадамын жасаса, ал 331-і бірінші сөзін айтты.

Креативті хаб қазақ өнерін өркендетеді

23 қазан күні Петропавл қаласында Qyzyljar Creative Center ашылды. Заманауи қазақ өнерін дамытуды мақсат еткен шы­ғар­машылық кеңістікті «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы мен Солтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігі бірлесе өмірге әкелді.

«Креативті индустрия Қордың әлеу­мет­тік саладағы басым бағыттарының бірі. Өйткені өнерлі жастарды IT мен қазіргі заманғы дизайн сияқты өзекті мәсе­лелерде демеп жіберу маңызды екенін түсінеміз. Бұл бағытта Қор тарапынан ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Қысқа уақыт аралығында міне, осымен екінші креативті хабты ашып отырмыз. Қызылжар креативті хабы да қоғамның мәдени санасын жаңғыртып, жергілікті таланттарды қолдауда таптырмас алаңға айналады деп сенемін. Осыған дейінгі Қазақ театрының ғимараты алдағы уақытта да қайнаған шығармашылық ордасы бола беруіне тілектеспіз», деді өз сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиева.

 

Солтүстікқазақстандық 2 шаршы метр аумақтағы жаңа креативті хабтағы 9 аймақ­­тың әрқайсысының атауы мен белгі­ленген межесі бар: Oyu lab (дизайн, 3Д-модельдеу), Santaram (графика дизайны), Sandyq (киім дизайны), Digital nomads (СММ, маркетинг), Art galam (көрмелер аумағы), Qazyna (кітапхана), Orta (коворкинг), Qainar (хореография), Koncerttik zal (шаралар). Тиісті аймақтар 35 жасқа дейінгі ізденімпаз әрі арманшыл жас буынның уақытын бос өткізбей, білімін байытып, дағдыларын жетілдіруге, өз идеяларын іске асыруларына жол ашпақ. Осылайша, «Samruk-Kazyna Trust» соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан облысында 600 млн теңгеге 5 ірі әлеуметтік жобаны жүзеге асырып отыр.

Алғаш рет Қор демеушілігімен Ақтөбе облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөс­пірімдер кітапханасында барлық жастағы азаматтарға арналған бірінші заманауи кеңістік құрылса, тағы бір креативті индустрия нысаны Қор қолдауымен келесі жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында қол­да­ныс­қа беріледі.

Ұлттық оңалту орталығына 73 млн теңгенің цифрлы құрал-жабдығы табысталды

Қор елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын құны 73 млн теңгеден астам D-WALL роботтандырылған зерт­ханасы­­мен қамтамасыз етті. Мұндай жаб­дық­тау арқылы орталықтағы оңалту қызметі жеті­ле түспек.

Жаңа техникалық қондырғы сал ауруы мен аутизм сырқатына ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге жасалатын емнің сапасын жақсартады.

«Самұрық-Қазына» компаниялар то­бы­ның бірыңғай қайырымдылық операторы өз қызметінде медицина саласын қолдауға, әсіресе балаларға қамқорлыққа ерекше көңіл бөледі. Оған дәлел, осы жылы жүзеге асырылған жобалардың ішінде денсаулық сақтау мәселелеріне 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Мәселен, Қор қолдауымен, жыл сайын «Саламатты Қазақстан» пойызы аясында шалғайдағы ауылдарда 100 мың адамға тегін медициналық көмек көрсетіп келеді. Батыс Қазақстан медициналық университетінде жаңа онкологиялық оңалту бөлімі ашылып, Астанадағы Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына 400 млн теңгеге озық үлгілі құрал-жабдықтар тапсырылды.

Ауылдық жерлерде 4 инклюзия кабинеті есігін айқара ашты

Инклюзия кеңістіктері Қор қолдауымен Оразақ, Қызылжар, Қараменді, Ы.Алтынсарин ауылдарында қолданысқа берілсе, тағы біреуін биылғы желтоқсан айында Көкшетау қаласында пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.

Жалпы сомасы 87,3 млн теңгені құрайтын 5 инклюзия кабинетінің жұмы­сы нәтижесінде кем дегенде мектепке, балабақшаға баратын, үйден оқып келген мүгедектігі бар 120 бала қамтылады. Осылайша, ауылдағы ерекше балалардың басқа қатарластарымен тең сапалы білім алуына жағдай жасалады.

Тең қоғамды дамыту мақсатында жоба барысында инклюзия мамандары төрт аймақтан тұратын бөлмелерде сабақтан тыс кезде жеке және топтық шаралар өткізеді. Әр балаға дербес бағдарлама қарастырылып, мұғалімдерге бір жыл бойы әдістемелік қолдау жасалмақ.

Әр дәрісхана тез тозбайтын, бүлдіруге төзімді парталармен, үстелдермен, орын­дықтармен, басқа да арнайы жиһаз­бен, бормен, маркермен жазуға болатын, интерак­тивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар тиісті техника мен бағ­дарламалық қамтамасыз ету, компьютерлер, сканерлер және дидактикалық материалдар, ойын жи­нақ­тары, дене белсенділігін ширатуға арнал­ған материалдар тағы басқа заттар бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қор өзі­нің бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы Астана қаласының 5 мектебінде инклюзия­ны қолдау кабинеттерінің тұсауын кесіп, жыл аяғына дейін олардың санын 10-ға жеткізуді көздеп отыр. Ақмола облысында «Samruk-Kazyna Trust» кейінгі 4 жылда 862,6 млн теңгенің 11 әлеуметтік жобасын жүзеге асырды.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ 

Egemen Qazaqstan