К 30-летию Независимости Казахстана | 20 ақпан 14:21

Самұрық-Қазынада жарқын болашаққа сенетіндер көп

Әлеуметтік тұрақтылық индексі былтыр өндіріс көрігін қыздырған ұжымдардан 38 мың адамды қамтыды. Бұл жолғы айтпағымыз, тұтастай Қорды алғанда, сұралған еңбеккерлердің 86 пайызы болашаққа, ертеңгі күнге үмітпен, сеніммен қарайтыны анықталды, яғни адамдардың санасында тиісті сезім түрлерінің нық орныққаны қуантады.

Дегенмен, қалған 14% азаматтардың алаңдаушылығы, белгілі бір қорқыныш пен үрейдің бойды билеуі, күнделікті тыныс-тіршілікке наразылықтың көрініс беруі әлі де атқарылар істің, тындырар шаруаның мол екенін аңғартатындай.

Тағы бір өзгеше дерек, нәзік жандарға қарағанда (84%) ер адамдардың (86%) көтеріңкі көңіл-күйді жоғалтпағаны «бәрекелді» дегізетіндей.

«Шын мәнісінде, ер азаматтарда әйел адамдарға қарағанда оптимистік сезімнің артық болып келуінің негізгі себептері бар деуге болады. Біріншісі – жалпы біздің қоғамызда ер азаматтың әйел адамға қарағанда жоғары жалақыға ие болатыны қалыпты көрініс. Екіншіден, әйел адам ер азаматқа қарағанда экономикадағы теріс өзгерістерге сезімтал болып келеді. Тамақпен, киім-кешекпен, тұрмыстық қажеттіліктермен бала-шағаны қамтамасыз ету мақсатында көп жағдайларда қолынан дорбасы түспейтін әйел адам, яғни дүкен-базарлардағы қымбатшылық пен удай бағалардың негізгі куәгерлері солар болады. Бұл өз кезегінде, олардың жалпы көңіл-күйлеріне әсер етпей қоймайды», - дейді Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы басқармасының жоба менеджері Асқар Мұқашев.

Ал, жас шамасына келсек, оптимистердің ең көбі 90 пайыздық деңгейде 25 жасқа дейінгі замандастарымыздың арасында тіркелсе, аталған көрсеткіш өмірге сыни көзқарасы түзілген 55 жастан асқан аға буында 83%-тың төңірегінде төмендеген.

Білім дәрежесі тұрғысында, толық емес орта немесе орта білім меңгергендер тарапында келешекті өз қолымен гүлдендіруге бел буғандар кем дегенде 88%-ды құрап, одан кейін арнаулы жоғары білім ошақтарын аяқтағандар мен орта кәсіби оқу орындарында оқығандар, жоғары оқу нысандарын толық бітірмегендер орналасқан. Қызығы сол, магистратура мен ғылым докторы, РhD тәрізді мықтылар санаты «оптимизм» ұғымында 82%-бен соңғы орынға лайық боп тұр.

Өңірлер ішінде тұрғындары қиындықтан ықпайтын, жақсылыққа сенімнен қайтпайтын Қызылорда облысы 96%-бен бас жүлдені еншілесе, Елбасы «Өмір адамға бір-ақ мәрте беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деп нұсқаған күнгейдегі жаймашуақ шаһар 95%-бен екінші орынға табан тіреп, Жамбыл облысы 93%-бен үшінші орынға жайғасты. Алматы мен Павлодар жұрты 80% көрсеткішпен оптимистер санының сиректеу екенін көрсетуде.

Жұмыс өтілі 1 жыл ғана болғандар сәулелі уақыттарға көбірек сеніп (92%), 10 жылдан артық еңбек еткендердің ерік-жігеріне селкеу түскен (83%).

Басшылар мен оның қарамағындағы әріптесінің арасындағы оптимистік көзқарастың айырмашылығы орташа алғанда – 9%.

Жұмыс кестесінде аптасына 5 күнмен 8 сағаттық қызмет уақыты мен ауысыммен тер төгудің ыңғайлығы тұжырымдалуда (86%). Бұл ретте маусымдық жұмысты көпшіліктің құп көре бермейтіні шындыққа жанасатындай (76%).

«Әлбетте, көптеген себептерді атауға болады және соның қатарына тұрақсыздықты да жатқызуға болар еді. Бірақ, біздің тереңдетілген зерттеулеріміз көрсеткендей, вахталық я болмаса маусымдық түрде еңбек атқаратын азаматтарымыз көп жағдайларда тұрғылықты жерінен және бала-шағасынан алшақ жерге кетуге мәжбүр болады. Соның негізінде, туғандарына деген сағыныш сезімі мен балаларының тәрбиесіне үлестерінің аздығы қынжылтатынын анықтадық. Жалғыз ынталандыратыны – маусымдық еңбегінің арқасында отбасы мүшелерін асыра алуға мүмкіндігі. Сондықтан да, әр күннің кеші мен демалыстарын отбасымен өткізетін 5 күндік қызметкерлерге қарағанда, маусымдық жұмыскерлердің оптимистік көңіл-күйі төменірек болатыны түсінікті», - дейді сарапшы.

***

Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы, зерттеу аясында сауалнама жүргізу біртіндеп онлайн сипатқа көшіп жатқанын хабарлап отыр.

Мұндай сұрау салу тәсілін өткен жылы алғаш рет «Қазпошта», «KEGOC» және «Қазақтелеком» компаниялары қолданғанын атап өткен жөн. Ал жалпы зерттеу жұмыстарына «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Эйр Астана» сынды ірі жүйеқұраушы ұлттық компаниялардың барлығы қатысқан.

14 облыс пен республикалық маңызға ие 3 қала, яғни еліміздегі 700-ден астам елдімекен қамтылған Әлеуметтік тұрақтылық индексін Қазақстан Республикасының Үкіметі, Cornell University, Monash Business School, MIT және Cardiff University сияқты халықаралық зерттеу орталықтарының жоғары бағалағанына да ерекше назар аударуға болады.

Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы 2013 жылдан бері «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялар арасында жыл сайын «Әлеуметтік тұрақтылық индексі» зерттеуін жүргізуде. Осы жылдар аралығында қомақты деректер қоры жинақталып, орын алып жатқан өзгерістер мен компаниялардың қажеттіліктерін ескеру нәтижесінде зерттеу әдіснамасы да толықтырылды. Зерттеу әдіснамасы Қор басшылығының тапсырмасы мен қоржындық компаниялардың ұсыныстарына сәйкес жетілдірілді.

Ескі жылда болса, біріншіден, биылғы сауалнамаға «Әлеуметтік инфрақұрылым» қосымша бөлімі енгізілді. Соның нәтижесінде зерттеу жұмысшыларға сыртқы қоршаған орта жағдайларын бағалауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, сауалнамаға несиелер санын және оларды төлеуге кететін кіріс мөлшерін анықтайтын сұрақтар енгізілді. Ол өз кезегінде өндіріс жұмысшыларының несиелік жүктемелігін анықтайтын болады.

Үшіншіден, жұмысшылар өкілдерінің қызметі бойынша бөлім қосымша сұрақтармен толықтырылды.

Төртіншіден, зерттеу еліміздегі еңбек күшінің ұтқырлығына сипаттама беретін болады.

Бесіншіден, Қордың маңдайалды компаниялары сауалнама жүргізудің заманауи әдісі – онлайн форматқа ішінара көшуді бастап кеткенін жоғарыда жаздық. Осылайша Орталық зерттеу жұмыстарын өткізу және компанияларға зерттеу нәтижелерін ұсыну мерзімін жеделдете түсуді мақсат тұтуда.

Зерттеу есептерінде ұжымдардағы шынайы жағдай бейнеленіп, қызметкерлердің көңіл-күйінің өзгеруіне әсер ететін саналуан жайттар жан-жақты қарастырылады.

Сондай-ақ, Орталық сарапшылары, тиісті тараптарды зерттеу нәтижелерімен қалай жұмыс істеу қажет және қандай мақсатта қолдануға болатыны туралы ақпаратпен толыққанды қамтамасыз етпек ниетте.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ