Бүгін «Самұрық-Қазына» қорының Басқарушы директоры Алмасадам Сәтқалиев осыған қатысты түсініктеме берді.
«Бүгінгі таңда пандемия әсерінің нәтижесінде инвестициялық нарыққа айтарлықтай әсер ететін капитал нарығында белгісіздік орын алып отыр. Мұндай жағдайда Қордың активтерін жекешелендіру әділ құн тұрғысынан да, орналастыру мөлшері жағынан да қауіпті. Сондықтан біз Қордың жалғыз акционері - ел Үкіметіне 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарында көзделген мерзімдерді өзгертуді ұсындық. Өздеріңіз білетіндей, біздің бастамамыз толықтай қолдау тапты», - деді А. Сәтқалиев.
Осылайша, Қордың ірі активтерін жекешелендіру келесі мерзімге ауыстырылды:
1. 2021 жыл – «Қазпошта» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ стратегиялық инвесторына сату тәсілімен.
2. 2022 жыл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Эйр Астана» АҚ IPO, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және «Qazaq Air» АҚ жекешелендіру.
3. 2023 жыл – «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ - IPO.
Осы жылы Қор «Қазақтелеком» акцияларының 10%-ын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ сатпақ. А. Сәтқалиевтің айтуынша, бұл мемлекеттің стратегиялық салада орнын сақтап қана қоймай, салымшылардың қаражатына кепілдік береді.
Қордың 21 ірі емес активі бойынша іс-шаралар 2023 жылға дейін аяқталатын болады. Сонымен қатар, А.Сәтқалиев атап өткендей, олардың әрқайсысы бойынша шешім тек экономикалық прагматизм тұрғысынан ғана қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен бекітілген және 167 компанияны қамтыған.
Қазіргі уақытта жекешелендіру жоспарына Қордың 9 ірі активтері мен 21 ірі емес активтері кіреді. 2016 жылдан бастап Қор 137 актив бойынша жекешелендіруді аяқтады, оның ішінде 84 актив 172 млрд. теңгеге сатылды және 53 актив жойылды немесе қайта ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айының басында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ҚАӨ-нің бұрын орналастырылған акцияларына қолайлы сұранысты пайдалана отырып, «Қазатомөнеркәсіп» акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын қосымша орналастыру процесін аяқтады. Лондон қор биржасында (LSE) және Астана (AIR) халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастыру қорытындылары бойынша инвесторлар тарапынан компания акцияларына сұраныс ұсыныстан 2,9 есе асып түсті.
Осылайша, компания акцияларының 6,28%-ы 211 млн. АҚШ доллары немесе 85 млрд. теңгеге сатылды. АХҚО биржа алаңында барлығы 69,7 млн АҚШ долларына 53,4% қазақстандық және 46,6% шетелдік инвесторлардан өтінімдер келіп түсті.