К 30-летию Независимости Казахстана | 06 мамыр 10:12

Сарбаз болу әр жігітке жарасады

7 мамыр — Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзгеше күн. Дәл осы күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекетіміздің Қарулы Күштері құрылып, содан бері Отан қорғаушылар күні ретінде мерейлі мерекелер қатарынан орын алды. Шындығында, кез келген мемлекеттің мәртебесін арттырып, жасампаз халқының жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, сонымен бірге, ел экономикасының серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскерінің алатын орны қашанда ерекше.

Мереке қарсаңында 1992-1993 жылдары 66/79 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеген «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының әлеуметтік мәселелер маманы Әнуарбек Тілектесұлымен әскердегі өмір жайында әңгімелескен едік.

«Атам Ізбас Қалмырзаев – соғыс ардагері. 1942 жылы Таушық ауылынан соғысқа аттанған. Атамның соғысқа кетердегі аманатын әжем: «Ол соғысқа кеткенде аяғым ауыр еді. Оның «құрсақтағы ұл болса да, қыз болса да атын Тілектес қоярсың, тілекші боп жүрсін» деуі бекер емес-ті» деп әлі күнге дейін айтып, еске алады. Періште тілек қабыл дей ме, әкем дүниеге келген соң, әйтеуір атам соғыстан 1947 жылы аман-есен оралды ғой», – деп Әнуарбек аға майдангер атасы жайында сөз қозғады.

 

«Ол кісі зұлмат соғыста танкист болған екен. Ленинград қоршауындағы айқаста 4 танкіні немістер бомбалаған кезде аман қалыпты. Кейін Германия, Польшаға дейін барып, жеңісті күндерді жақындатуға күш салған, бейбіт өмір үшін күресе білген хас батыр еді», – деп мақтанышпен еске алды.

Әнуарбек Тілектесұлы өзі де әскер көріп, жауынгерлік сынақтан өткен. Ол 1992 жылы әскер қатарына шақырылып, ант қабылдап, сарбаздар сапынан табылыпты. Қару асынып, қанша қиын болса да темірдей тәртіпке бой үйреткен екен. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау кезеңінде әскери міндетті өтеу де оңайға соқпаған. Маңғыстаудан аттанған 60 бозбаланың қатарында 1,5 жыл әскери борышын өтеді.

«Әуел баста әскери комиссариатқа шақырылған кезде менің көлік жүргізу куәлігім болғандықтан Ішкі әскерге жүргізуші қажет деп Павлодар қаласына жолдады. Бірақ мен жастайымнан спортқа бейім болғасын десанттық әскерге барғым келген еді. Сонымен жоғарыдағы жағдаймен Павлодар маңындағы 66/79 әскери бөлімшесіне түстім. Осы бөлімнің 3 ротасында қатаң режимдегі түрмені күзеттік», – деген Әнуарбек әскерде жүргенде ауылдағы өмірдің кеңшілігін де жиі еске алғанын айтады. «Еден жуып, ине ұстап, тігін тігуді үйрендік. Қатаң тәртіпке бойұсындық», – деп әскер сапынан шынығып, ширығып келгенін жеткізді.

«Әскер – өзінше бір өмір мектебі. Сарбаз сапында болған бозбала бірден есейіп, жауапкершілігі артады, сонымен қатар, қиянда жүріп туған-туысқандарына, жақындарына деген сыйластығы да нығая түседі. Бұл мінез-құлық жағынан болса, екіншіден, қолында әскери билеті бар азаматқа жұмысқа орналасу, қалаған мамандығының иесі болу да жеңілірек тимек», – дейді ол.

 

Сөз соңында Әнуарбек Тілектесұлы мерекеге орай оқырмандарға ізгі тілегін жеткізді:

«Ең бастысы егемен еліміздің көк туы төмен түспей, айбынымыз асқақтай берсін. Өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың жүрегі ел деп соғып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекемделе түссін. Ал, Отан қорғаушыларымыздың еңбегі әрдайым еленіп, әскери қызметтің мәртебесі арта берсін деп тілеймін. Өйткені, әскері мықты ел – қуатты ел болары белгілі. Ал қуатты елдің қашанда іргесі бүтін, халқы бақытты болатыны сөзсіз».

(«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ facebook желісіндегі парағынан алынды)