К 30-летию Независимости Казахстана | 25 тамыз 09:25

Сарышағанда теміржол мұражайы ашылды

Арқа мен Жетісудың арасын жалғап жатқан Сарышаған кентінің 70 жылдығына орай осы станциядағы теміржол вокзалында мұражай ашылды. Мұнда жолаушылар түрлі жәдігерлермен таныса алады.

Сарышаған станциясының құрылысы Шу-Мойынты телімінің құрылысымен қатар жүргізілген. Кенттің өзі әкімшілік бөлініс жағынан Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарағанымен, станция ретінде ондағы құрылымдық теміржол мекемелері Жамбыл ЖТ бөлімшесіне қарайды. Станция арқылы 16 бағыт бойынша 46 пойыз өтеді. Күніне мыңдаған жолаушы, іргедегі Балқаш пен Приозерск қаласының тұрғындары осындағы вокзал арқылы пойызға отырады. Станция вокзалы 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 262,7 млн теңге қаражатқа салынған.  

Жергілікті халықтың дені, яғни 75 пайызы теміржол бойында еңбек етеді. Ауыл халқы, әсіресе теміржол саласының ардагерлері ұйымдаса келе, мерейлі жыл қарсаңында мұражай ашуды ұйғарған. 1953 жылдан бергі Сарышағанның жетпіс жылдық тарихы осылайша мұражайда қайта түрленіп, жаңғырды.  

– Теміржол саласында мен 1971 жылдан бастап еңбек еттім. Әкем де теміржолшы болды. Кентіміздің тарихы осы теміржолмен тығыз байланысты болғандықтан бұл музейдің тек теміржолшылар үшін ғана емес, жалпы халық үшін маңызы зор. Мерейтойға керемет тарту болды деп санаймын, – дейді ауыл тұрғыны, ардагер теміржолшы Серікқұл Тәжиев.  

 

Вокзалдың екінші қабатындағы мұражайдағы экспонаттардың көбі теміржол саласына маңдай тері сіңген ардагерлердің ертеде қолданған құрал-жабдықтары. Онымен қоса станция тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары да қойылған. Үздік теміржолшылардың алған марапат қағаздары, төсбелгілері де  музей төрінен орын тепкен. Мұражайды ашуға себепкер болғандардың бірі Әбдірахман Оспановтың айтуынша, олар әлі де музей қорын түрлі экспонаттарға толтыра бермек. Ауылдан шыққан азаматтар жаңалықты естіп, қоңырау шалып, аталарының, әкелерінің қызметте қолданған құралдарын табыстауға ниеті барын жеткізіп жатыр екен. Енді вокзалға жолы түскен жолаушылар да экспонаттарды тамашалап, станция тарихынан мағлұмат ала алады.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"