«KMG Drilling&Services» ЖШС мен «Caspian Drilling Company Ltd» арасындағы бірлескен қызмет туралы келісім «Satti» қондырғысын пайдалана отырып, Каспий теңізінің әзірбайжандық бөлігіндегі Shallow Water Absheron Peninsula құрылымында 2 барлау және 1 опциондық ұңғыманы бұрғылауды көздейді. Құжатқа қол қою рәсіміне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Ахметжан Есімов және ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.
«Satti» қондырғысы – Қазақстанда құрастырылған алғашқы теңіздегі бұрғылау қондырғысы. Ол Каспий теңізінде 80 метрге дейінгі тереңдікте бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 19 маусымда «Satti» қондырғысы «KMG Drilling&Services» ЖШС мен «Caspian Drilling Company Ltd» арасындағы сенімді басқару келісімшартының аясында Баку қаласына жеткізілді. Келісімшартқа сәйкес бұрғылау қондырғысы жетілдірілетін болады. Нәтижесінде ол 6 000 метрден астам тереңдікте барлау ұңғымаларын қауіпсіз әрі тиімді бұрғылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚМГ өкілдері атап өткендей, мұндай жобаларға қатысу отандық мұнай-газ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, теңізде бұрғылау жұмыстарын жүргізу ауқымын кеңейтуге жол ашады.