– Бұл күн – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп түзде жүретін жолшылар, машинистер, пойыз құрастырушылар, вагон қараушылар сынды тағы да көптеген мамандардың кәсіби мейрамы. Бұл күн – уақытпен санаспай еңбек етіп, тәуліктің кез келген мезгілінде жұмыс орнынан табылатын мамандық иелерінің лайықты бағасын алатын күн. Соның бір дәлелі – жылдағы дәстүрге сай биыл да кәсібилігімен танылған бір топ әріптесіміз түрлі наградаларға ие болуда, – деп атап өткен Алмас Ғылымұлы Семей теміржолының жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтті.
Сол тәрізді Семей магистральдық желі бөлімшесі басшысы Айдын Шәукежанов та осы кезеңге дейінгі атқарылған іс-шаралар жайын сөз етіп, теміржолшылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Өз кезегінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов та тілек білдіріп, кәсіподақ атынан марапаттар тапсырды.
Семей станциясының бастығы, логистика саласының майталман маманы Болат Өтегенов биыл «Құрметті теміржолшы» белгісіне ие болды. АСУ бөлімінің басшысы Лаура Әлібекова «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал, логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Елдар Құрманов «Үздік маман» атанды. Шаған станциясының пойыз құрастырушысы Рахымбек Тілеубаев Ұлттық компания төрағасының Құрмет грамотасын иеленді. Сол тәрізді бірқатар сала қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Қуаныш Қожаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"