Басты мақсат – теміржол бойындағы жасөспірімдер қылмысына жол бермеу, жол бойындағы жазатайым оқиғалардың, пойыз терезесіне тас лақтыру сынды бұзақылықтың алдын алу. «Көліктегі қауіпсіздік» акциясы аясында желілік полиция қызметкерлері мен теміржолшылардан құралған топ мектептерде болып, құқықтық тақырыпта, теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелері бойынша дәріс оқып, әңгімелесу өткізді. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс және әкімшілік кодекстердің нормаларынан мысалдар келтіріп, түсінік жүргізді. Аталған бағыттағы жұмыстар бес орта мектеп пен төрт колледжде өткізілді.
Сонымен қатар, теміржол бойындағы бірқатар еңбек ұжымдарында да арнайы түсіндіру жұмыстары мен дәрістер өткізілді. Оған қоса вокзалдарда да жолаушылармен жүздесіп, бес мәрте жергілікті тұрғындармен жиын ұйымдастырылды. Мұндай шаралар жолаушылар пойызында да өтті.
Акция барысында ҚР заңнамасын бұзушыларды анықтау бойынша 11 рейдтік іс-шара жүргізіліп, оның барысында 58 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды. Түнгі уақытта жалғыз-жарым жүрген екі кәмелетке толмаған жасөспірім, теміржолдың белгіленбеген жерінен өткен тағы екі бала анықталып, барлық кәмелетке толмаған балалармен және олардың ата-аналарымен теміржол нысандарындағы тәртіп қағидалары бойынша профилактикалық әңгімелер өткізілді.
"Жауапкершілік бәріне бірдей, бала ма, шаға ма, тәртіпсіздік үшін жауап береді. Теміржол бойындағы ескерту және тыйым салу белгілеріне назар аудару керек, ата-аналарға ескертеміз, теміржол нысандарында кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық кодекске сай жауапкершілік көзделген", – деді Семей станциясындағы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Рүстем Әбеуов.
Қуаныш Қожаев,
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»