Әуелгі кезекте «Қазкөліккәсіп» Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов сөз алып, сайысқа қатысушы барлық шаңғышыларға табыс тіледі. Осыдан соң барлық қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай өзара бірнеше топқа бөлініп, жарыс жолына шықты. Атап айтсақ, әйелдер, ардагер әйелдер (35 жас және одан жоғары), ерлер мен ардагер ерлер (40 және одан жоғары) топтары қалың орман арасын жалғыз аяқты шаңғы жолымен санаулы минуттар ішінде жүгіріп өтті. Әйелдер шаңғымен 1 км, ерлер 1,5 км қашықтықта сынға түсті. Бір ерекшелік, қатысушылардың басым көпшілігі мұндай сайысқа алғаш рет қатысқан болатын. Әйтсе де, жанкүйерлердің қиқуына толы, тартымды өткізілген жарыс нәтижесі көп ұзамай белгілі болды.
Жеңімпаздар қатарында Анар Нығметжанова (ПЧ-39) және Салтанат Закарьянова (Семей станциясы) бірінші орын алды. Ал екінші орынды Салтанат Серікқан (Жана-Семей станциясы) және Лаура Оралова (ШЧ-29) сынды жүйріктер болды. Ал ерлер арасында өз топтары бойынша үздік нәтиже көрсеткендер Мұрагер Қасымханов (ВЧД-23) және Еркін Қабышев (ЭЧ-18) болды. Жүлделі екінші орынды Рустам Мұхаметжанов (ШЧ-29) және НЖС-6 бөлімшесінен Нұрлан Бегәділов қанжығаларына байлады.
Жалпыкомандалық есеп бойынша жеңімпаздары көп болғандықтан Семей жол дистанциясы 42 ұпай жинап, бірінші орыннан көрінсе, екінші орынды 36 ұпаймен ШЧ-29 мекемесінің теміржолшылары иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды 35 ұпаймен ЭЧ-18 мекемесі еншіледі.
Сайыстың қорытынды сәтінде барлық жеңімпаздар мақтау грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Әйтседе, ең бастысы жарыс жолына шыққан теміржолшылар қауымы таза ауа аясында бой жазып, көңіл сергітіп, бір жасап қалды.