Іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің кәріс тарапынан тең төрағасы, Корея халықаралық сауда қауымдастығының (KITA) төрағасы Юн Джин Шик құттықтау сөз сөйледі. Қатысушылар алдында Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук та сөз сөйледі. Іс-шараға 90-нан астам кәріс компаниясы қатысуда.
«Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Корея арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін айрықша маңызды. Арадағы уағдаластықтар серіктестікке жаңа серпін беріп, бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін», – деді «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.
Іс-шара аясында жалпы сомасы шамамен 19 млрд доллар болатын 80-нен астам келісім мен өзге де құжаттарға қол қою жоспарланған. Қордың портфельдік компаниялары мұнай-газ, энергетика және тау-кен металлургиясы салаларында кореялық серіктестерімен жалпы сомасы шамамен 11 млрд доллар болатын келісімдер жасаспақ. Отырыс барысында қатысушылар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен Қазақстан-Корея арасындағы сауда-инвестициялық байланыстардың дамуына қосымша серпін беретін бірлескен жаңа жобаларды талқылайды.
Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) мен «Самұрық-Қазына» АҚ - Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің тең төрағалары.