К 30-летию Независимости Казахстана | 25 ақпан 18:32

Шаршы тақтадағы шайқас

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында шахмат пен дойбыдан блиц-турнир өтті. Аталған додаға мұнай кәсіпшілігінің әртүрлі цехтары мен учаскелерінен геологтар, операторлар, дәнекерлеушілер мен слесарьлар қатысты.

Компанияның спорт жөніндегі жетекшісі Нұрлыбай Елубаевтың айтуынша, шахмат пен дойбы ойнау логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, тапқырлық, шапшаңдық секілді қасиеттерді ұштауға мол мүмкіндік береді. Нәтижесінде, шахмат бойынша блиц-турнирдің жеңімпазы №4 мұнай және газ өндіру цехының жөндеуші-слесарі Кенжебек Оңғалиев атанса, жүлделі екінші орынды аталған цехтың 5-дәрежелі слесарі Кемелбек Жұмағазин еншіледі. Мұнай дайындау және өткізу цехының операторы Закария Адай жүлделі үштікті жапты.

Дойбы әуесқойлары арасындағы жарыста қабат қысымын ұстау цехының операторы Қуандық Алдабергенов жеңіске жетсе, сәйкесінше екінші және үшінші орын газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының слесарлері Нұрболат Көшербаев пен Ербол Қонысбаевқа бұйырды.

«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында дәл осындай қарқынмен өткен турнир де өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар есімі анықталды. Сонымен шахмат шайқасында пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының тазалаушысы Асқар Таусаров жеңіске жетсе, күміс медальді газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының операторы Амандық Құрманқұлов алды. Қола қабат қысымын ұстау цехының қызметкері Мадияр Байталасовқа бұйырды.

Дойбы жарысында құрмет тұғырының жоғарғы сатысына №3 мұнай және газ өндіру цехының операторы Артур Қарасаев көтерілсе, аталған цехтың операторы Жасұлан Қапаров екінші орынды иеленді. Жүлделі үштікке Серік Ізімбаев ілікті. Турнирдің барлық жеңімпаздары ынталандыру сыйлықтарымен қоса арнайы дипломдармен марапатталды.