«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Шығыс Жетібай» кен орнында іске қосылған модульді компрессорлық станция (МКС) — бұл технологиялық процестерді басқаруға арналған автоматтандырылған жүйе. «Асар-1» топтық қондырғысынан шыққан ілеспе мұнай газы газ құбыры арқылы МКС-қа жеткізіліп, ондағы сығымдау, өңдеу және механикалық қоспалар мен тамшы ылғалдан тазарту процесінен кейін Ақтау–Жаңаөзен магистралды газ құбырына түседі. Одан кейін өңдеу үшін Қазақ газ өңдеу зауытына (ҚазГӨЗ) тасымалданады.
Бүгінгі күні МКС-қа түсетін және өңделетін газ көлемі тәулігіне 93–95 мың м³ құрайды. Қазіргі уақытта, яғни қыс мезгілінде көгілдір отын Жетібай кен орнының өз қажеттіліктері үшін пайдаланылады. Алдағы уақытта станцияның жобалық қуаты тәулігіне 200 мың м³ дейін артады: газдың негізгі көлемі ҚазГӨЗ-ге тасымалданатын болады.
Бұл жоба әлеуметтік маңызға ие, себебі бүгінде ҚазГӨЗ — Маңғыстау облысына сұйытылған газды жеткізетін негізгі кәсіпорын.