К 30-летию Независимости Казахстана | 22 тамыз 14:29

Шығыс Қазақстанда сақ дәуірінің жәдігерлері табылды

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында археологиялық қазба жұмыстары барысында ат әбзеліне арналған алтын әшекейлер табылды, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог Зейнолла Самашевтың тобы кезекті рет ғылыми жаңалық ашып отыр. Ғалымдар Күршім ауданындағы обаны қазу барысында ат әбзеліне арналған алтын әшекейлерді тапты.

«Жылқының сақ тайпасынан шыққан патшаға тиесілі болғаны анықталып отыр. Бұл – ерекше әдемі әшекей. Өкінішке қарай, қорғанның өзі тоналған болып шықты, бірақ екі жасырын орны сақталған. Сондай-ақ алғаш рет металл үзеңгі табылды, онда барыспен аң аулау сәті бейнеленген. Аталған жәдігерлер Өскемендегі мұражайға қойылды», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

 

Бұдан бөлек, археологтар музыкант-жауынгердің кескін-келбетін және ежелгі музыкалық аспаптарды қалпына келтірді. Олар Тарбағатай ауданы Елеке сазы алқабындағы қорғандардың бірінен табылған болатын.

«Қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қыркүйек айында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форум өткізіледі. Шығыс Қазақстанның байырғы тарихы мен археологиясы әлемнің озық ғалымдарын таңғалдырып, тәнті етуде», – деді аймақ басшысы.