Бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бахытжан Таубаев, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) өкілдері, сондай-ақ сала ардагерлері болды. Делегация кәсіпорынның негізгі нысандарын аралады. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде әзірленген сараптамалық талдау және қауіпсіздік техникасы саласындағы цифрландырудың пилоттық жобаларының нәтижелері таныстырылды.
Зауыт ішіндегі орталық аллеяда «ЛК-6У – зауыттың жүрегі» атты мемориалдық тас салтанатты түрде ашылды. ПҚОП ардагерлері бұл ескерткіш Шымкент мұнай өңдеу зауытының тарихы мен дамуына зор үлес қосқан қызметкерлерге көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
Зауыт еңбеккерлері өздері ұсынған монумент идеясын Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, мүсіншілер Болат Құсайынов пен Ерболат Құсайын көркем шеберлікпен жасап шықты. Мұнай тамшысы түрінде жасалған, биіктігі екі метр композиция өнеркәсіп жүрегі болып саналатын, аты аңызға айналған – ЛК-6У қондырғысын бейнелейді. Бұл зауыттың іске қосылғанын айшықтайтын қондырғы.
Сонымен қатар қонақтарға кәсіпорынның 40 жылдығына орай құрылған алғашқы мамандандырылған тарихи мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Бұл жерде 1972 жылы құрылысы басталғаннан бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтыған архив материалдары мен фотосуреттері бар бірегей экспозиция қойылған, ал интерактивті тақта зауытқа виртуалды саяхаттауға мүмкіндік береді.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты ұзақ жылдар бойы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Бүгін зауыттың 40 жылдығына орай Бадам-1 тұрғын алабында жабық спорт кешені ашылды. ПҚОП-тың қолдауымен салынған кешен бір уақытта 100 баланы қабылдай алады. Жаңа нысан қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан компанияның елеулі үлесі болды. Мұнда дене шынықтыру сабақтарын және шағын футбол жарыстарын өткізуге жан-жақты жағдай жасалған. Жоба салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ барлық жастағы адамдарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді.
Мерейтойға арнайы шығарылған 320 беттік «Еңбек. Жетістік. Болашақ» кітабы таныстырылып, деректі фильм көрсетілді. Бұл туындылар ірі зауыттың 40 жылдық тарихына арналған.
ПҚОП мерейтойына орай кәсіпорынның 150-ден астам ардагері мен қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды.
Қырық жылда Шымкент мұнай өңдеу зауыты 180 млн тоннадан астам мұнай өңдеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын өндірістік тиімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді, атап айтқанда өңдеу тереңдігі 88% дейін ұлғайды, ал жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 82% құрап отыр.