К 30-летию Независимости Казахстана | 15 қыркүйек 09:30

Шымкентте «Білім экспресі» оқыту шарасы өтті

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да компания қызметкерлерін жан-жақты оқыту, білімі мен біліктілігін көтеру мақсатында «Білім экспресі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында бұған дейін еліміздің сегіз өңіріндегі теміржолшылар оқытылды. Соның кезекті бір оқыту іс-шарасы Шымкент қаласында өтті.  

Шымкенттегі екі күндік оқуға 100 теміржолшы қатысты. Оқытушылар құрамын компанияның адами ресурстарды басқару жөніндегі НR бизнес серіктесі Алма Сәулебаева бастаған өзге де білікті тренерлер құрады. Солардың бірі «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының кадрларды басқару департаментінің бас менеджері Гүлмира Шартаева осы оқыту кезінде «Кикілжіңді басқару» тақырыбында өз білгенімен бөлісті.  

– Ұлттық компанияның «Білім экспресі» деген жобасын жүзеге асыру мақсатында біз барлық өңірлерді аралап, тиісті теміржолшы мамандарға оқыту іс-шарасын өткізіп жүрміз. Мақсатымыз – сала қызметкерлерін негізгі нақты біліміне қоса осындай «жеңіл» білімдермен сусындату, яғни адами  қарым-қатынасты жақсарту, күйзеліске төтеп беру, оқыс жағдайларда шұғыл әрекет ету сияқты тағысын тағы аса қажетті машық-дағдыларды үйрету. Себебі өмірде де, жұмыста да біздің әрбір сөзіміз бен әрекетімізден өзара қарым-қатынасымыз құралады. Соның бәрі өмір сапасына, еңбек тиімділігіне әсер етеді. Осы сапардағы менің тақырыбым кикілжіңдерді басқаруға арналды. Бұл тақырыпқа қатысты біз барынша ұғынықты, жеңіл ақпараттар, ойындар мен тренингтер өткіздік, – дейді ол.  

 

Бұдан бөлек оқу барысында «Тиімді коммуникациялар», «Күйзеліске төзімділік», «Клиентке бағдарлану» тақырыптарында да дәрістер мен ойындар, тренингтер өткізілді.  

– Мұндай оқытулар жиі болып тұру керек. Әсіресе, клиенттермен жұмыс істеген кезде кикілжің туа қалса, бұл тығырықтан қалай жылдам шығу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар күйзеліске түспеу, одан тез шығу реті арнайы әдістер арқылы түсіндірілді. Оқуға Шымкенттегі барлық теміржол мекемелерінің қызметкерлері қатысты, алған әсеріміз көп, – дейді қатысушылардың бірі, Шымкент ЖТ бөлімшесі директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Арман Сабденбеков.  

     Соңында барлық қатысушыларға осы оқудан өткені туралы арнайы сертификаттар табысталды.