Шэньси провинциясы мен Сиань қаласының (ҚХР) басшылығы қатысқан стендтің ашылу салтанаты барысында "KTZ Express" АҚ ("ҚТЖ" ҰК" АҚ еншілес компаниясы) басқарма төрағасы Дамир Қожахметов "ҚТЖ" ҰК" АҚ атынан көлік-логистика саласындағы жетістіктер туралы баяндап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың дамуын ерекше атап өтті. Оның ішінде ол "Бір белдеу - бір жол" бастамасы, Сиань қаласындағы Қазақстан-Қытай терминалы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша транзиттік тасымалдардың айтарлықтай өсуі аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
- Біздің жетістіктеріміз елдер мен компаниялар арасындағы өзара сенім мен тығыз іс-қимылсыз мүмкін емес. ТХКБ Еуразиялық көлік жүйесінің маңызды буындарының бірі болып табылады және маршруттың табысы — бұл біздің бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесі. Осы жылдың басынан бастап бағдар бойынша транзит 20 есеге өсті және қыркүйек айының басында Ақтау қаласында біз 2024 жылы 200-ші контейнерлік пойыздың жөнелту рәсімін өткіздік, бұл маршрутқа жоғары қызығушылық пен үйлесімді бірлескен жұмысты білдіреді. ТХКБ Каспий теңізі арқылы Қытайды Еуропамен байланыстыра отырып, жүктерді теңіз көлігінен екі есе жылдам жеткізуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Дамир Қожахметов.