К 30-летию Независимости Казахстана | 26 қыркүйек 10:32

SK Construction басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды

Түркістан облысындағы Шардара қаласына қарасты Өтеғұл ықшам ауданында салынып жатқан 300 орынға шақталған жайлы мектеп келесі жылы халық игілігіне тапсырылуы тиіс. Алайда, учаскеде құрылысқа дайындық жұмыстарының иісі де шықпайды. Мердігер ұйым «Ar Kua Group» серіктестігі іске маусым айында кірісіпті, бірақ содан бері жөнді шаруа тындырылмаған. Маңызды тапсырмаға жауапкершіліксіз қараған компания жетекшісін Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов қатаң сынға алды. 

Ескерту учаскедегі шаруа барысына мүлдем бақылау жүргізбеген жайлы мектеп жобалық кеңсесінің жергілікті өкіліне де жасалды. Samruk-Kazyna Construction басшысы жұмыс қолын көбейтіп, қарқынды ретке келтіруге бір апта көлемінде уақыт берді. Тапсырма орындалмаған жағдайда мердігермен шарт біржақты тәртіппен бұзылып, Түркістандағы маманмен де қош айтысуға тура келеді.

Келес ауданына қарасты Ғани Мұратбеков ауылындағы ұлттық жобаның жүзеге асырылуына Мәулен Айманбетов оң бағасын берді. Елді мекендегі 600 оқушы орнына арналған мектепті «КДСМ» ЖШС тұрғызылбақ. Кейін Басқарма Төрағасы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары, мердігер компания өкілдерімен өткен жиынға қатысты. Samruk-Kazyna Construction басшысы жергілікті атқарушы органдарға жер учаскесін ұлғайту бойынша ұсынысын жеткізді. Қосымша шаршы метрлер мектеп стадионын болашақта тек аудандық және облыстық емес, республикалық сайыстарды да өткізуге қауқарлы етіп салуға мүмкіндік бермек. Аудан әкімі тиісті жұмысты жақын арада жүргізетіндерін айтты.

Абай ауылындағы жайлы мектептің жер учаскесі де өзгертулерді талап етеді. 600 орынға арналған білім ошағын «КДСМ» серіктестігі тұрғызбақ. Басқарма Төрағасы мен Келес ауданының әкімі құрылыс алаңын аралау барысында мектептің орналасуы мен кіреберіс жолдардың құрылысын талқылады.

 

Жайлы мектепті төрт жақтан жолмен қамтамасыз ету мәселесі Сары-ағаш қаласындағы Оспанов көшесінде әсіресе өзекті. Мұндағы нысандар бір-біріне тым тығыз орналасқан, сондықтан жол салу мүмкіндігі жоқ. Ол үшін жақын маңдағы учаскелерді мемлекет қажеттілігіне алу қажет. Аталған мақсатқа 380 мен 500 млн теңге аралығында қаражат керек. Қомақты сома облыс қазынасында болмағандықтан, жергілікті атқарушы орган өкілдері республикалық бюджеттен сұратпақ. Сондай-ақ, аудан әкіміне аймақтағы кейбір нысандардың заңды-заңсыз салынғанын тексеріп, көлік кептелісінің алдын алу үшін біржақты жол қозғалысын ұйымдастыру қажет. Шаруаны уақытты созбай тез арада атқарған жөн. Атап өту керек, жайлы мектептің сыйымдылығын 300 орыннан 600 орынға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Білім ошағын «А-СПЕЦСТРОЙ» ЖШС 70 жыл жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызады. Еңкіш тартқан нысан сүрілген, ендігі міндет – жер қазу жұмыстарын тәмамдап, іргетасты қалауға кірісу.

Кейін Мәулен Айманбетов Сарыағаш ауданындағы 3 құрылыс алаңын аралап шықты. Мектептердің барлығы 900 орынға шақталған, ал мердігері – «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС. Білім ошақтарының бірі Дербісек ауылында бой көтермек, шаруа кестеге сай жүргізілуде.

Ал, Телемұнара ауылындағы жер учаскесі талапқа сай келмейді. Басқарма Төрағасы Сарыағаш ауданының әкімімен бірлесіп, жайлы мектептің орнын ауыстыруды шешті. Білім ошағының құрылысы үшін тіктөртбұрышты, төрт жағынан жол салу мүмкіндігі бар аумақты қарастыру қажет.

 

Жаскешу ауылында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарын қауіпсіздік мәселесіне аударды. Елді мекендегі болашақ жайлы мектептің аумағын екінші дәрежелі ішкі жолмен қамтамасыз ету қажет, себебі білім ошағының маңайынан су каналы өтеді. Оны аудандық әкімдік қоршауға алып, жаяу жүргіншілер және автокөлікке арналған 2 көпір салуды қарастырамыз деп сендірді.  Мұндағы қозғалыс біржақты болмақ.

Жалпы ұлттық жоба жүзеге асырылатын 3 жылдың ішінде Түркістан облысында ең көп жайлы мектеп салынады. Бір кезекте 49 мың оқушыға шақталған 63 жаңа форматтағы заманауи білім ошағы орын тапшылығы мәселесін шешуге үлкен сеп болмақ. Оқу нысандарының  29 келесі жылы қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған.

Жаңа жұмыс аптасын Басқарма Төрағасы Түркістан облысындағы қуаттылығы 1000 МВт болатын электрстанциясының құрылыс учаскесінен бастамақ. Кейін Мәулен Айманбетов Төле би, Бәйдібек, Созақ және Сауран аудандары мен Түркістан қаласындағы жайлы мектептердің іске асырылу барысымен танысады.