«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістің нәтижесіне тоқталды. Ғабит Малғаздаров 2023 жылы бөлінген 499,9 млрд теңге бүгінде толық көлемде игерілгенін айты. Бюджеттік кодекске сәйкес, пилоттық жобаның қаржысы 2024 жылға ауысады. Бағытталған ақша 208 мектепті жобалауға және салуға бағытталған. Бірақ жұмысты жалғастыру үшін қаржы әзірге жоқ. Ағымдағы жылға жоспарланған 813 млрд теңге әлі түскен жоқ.
Мектептерді жобалауға тоқталсақ, процесс бірнеше фактор салдарынан кешеуілдеді. Біріншісі өткен жылдың қарашасында өзгерістер енгізілген ҚР Үкімет қаулысына байланысты. Екіншісі жобалық-сметалық құжаттаманы оңтайландыруға қатысты. Дирекция 89 ЖСҚ сметалық құнын 22,5 млрд теңгеге төмендету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Кейін «Мемсараптама» РМК сарапшыларымен бірлесіп, жоба құны тағы 44,6 млрд теңгеге қысқартылды. Жалпы үнем 67,1 млрд теңгені құрады.
Оған қоса жайлы мектептердің дизайнын әзірлеу барысында 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. 208 оқу орнының дизайнын бөлек әзірлеумен қуаттылығы бойынша 7 мектепке арналған интерьердің «жоспарын» дайындауды салыстыруға келмейді. Бұл бірыңғай дирекция жұмысының нәтижесі, деп атап өтті Ғабит Малғаздаров.
Тікелей эфирге қатысушылар нысандарды салу мен жарақтандырудағы қазақстандық өнім үлесі мәселелеріне тоқталды. Көрсеткіш 69-дан 80 пайызға дейін жетеді. Атап айтқанда, жайлы мектептерге арналған жиһаз тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Импортпен жабдықтауға рұқсат етілмейді. Бұған ұлттық жобаның барлық құжат айналымы ауысқан «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі де жол бермейді. Платформада мердігер ұйымдар сатып алынған әрбір тауарды және оның өндірушісін көрсетуге міндетті.
Бағдарламаға қатысушылары құрылыс саласын цифрландыру бойынша атқарылған шаруаға оң бағаларын берді. Себебі, ақпараттық жүйе жүргізіліп жатқан жұмыстың толық ашықтығын қамтамасыз етеді.