Мұны Samruk-Kazyna Construction мамандары мемлекеттік сараптамадан өтпес бұрын жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасын тексеру кезінде байқаған. Бұл туралы 1 қараша күні Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлері және жобалаушы ұйымдармен өткен жиын барысында мәлімдеді. Консорциум жетекшілерімен жасалған ЕРС-шарттар аясында жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы «Мемсараптама» РМК порталына жүктелмес бұрын тапсырыс берушімен, яғни Samruk-Kazyna Construction компаниясымен қарастырылып, құпталуы керек.
Мысалы, кейбір жобалаушы ұйымдар сыртқы инженерлік желілерді (кәріз, сумен жабдықтау, жылыту, ТОБЖ және т.б.) тарту бойынша шығындарды мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасына енгізіп қойған, алайда бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен орындалуы тиіс. Үкіметтің №963 Қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар орталық/дербес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылуды не Дирекция мен ЖАО арасында құндары бұрын келісілген Дирекция айқындаған мердігер ұйымның мұндай шығыстарын төлеуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің сметалық құнын жасанды түрде қымбаттату фактілері де бар. Ережеге сәйкес, жайлы мектептерді жобалау кезінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ әзірлеген ресурстық сметалық-нормативтік база және сәулет-қала құрылысы, құрылыс каталогын басшылыққа алу қажет.
Төраға мектептерді жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық процестер заңнама мен құрылыс нормативтері шеңберінде жүргізілуге тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Жобалаушы ұйымдардағы мамандардың төмен кәсіби деңгейі салдарынан 300, 600, 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау мүмкін болмай тұр. Мен сіздерді бұрынғы әдістерден бас тартуға шақырамын. Жайлы мектептер заманауи құрылыс индустриясының озық үлгісі болуға тиіс. Сондықтан мен оны іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Егер жобаны әдейі қымбаттату әрекеті байқалса, құрылыстың кез-келген кезеңінде біз түзетулер енгізіп, шығындарды азайтамыз. Қосымша жұмыс көлемі үшін қаржы төленбейді, әр тиын үшін жауап бересіздер», - деді Басқарма Төрағасы.
Мәулен Айманбетов құйтырқы әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Атап айтқанда, ҚР ҚК 189-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») қолданылуы мүмкін.
Жайлы мектептер қолданысқа дайын күйде тапсырылуы тиіс. Оқу орындарын жобалаумен, салумен және жабдықтаумен құрылыс және жобалаушы ұйымдардан тұратын консорцицум айналысады. Консорциум жетекшілері ретінде құрылыс компаниялары танылған.