К 30-летию Независимости Казахстана | 17 мамыр 14:45

Спорттың 8 түрі бойынша командалар жасақталды

Қаражанбастың екі вахта ауысымы жұмысшылары арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасына ішкі іріктеу жарыстарының финалдық кезеңі өтті. Мұнайшылар 8 спорт түрі бойынша командалар құру үшін мықтыларды анықтады. Жүзден жүйрік атанғандар енді өзге мұнай компанияларымен сынға түседі.

Екі күн бойы «Батыр» спорт кешенінде шағын-футбол, волейбол және баскетбол матчтары өтті. Ойындардың тартысты болғаны сонша, жеңімпаз командаларды анықтау оңайға соқпады. Футбол мен волейбол жарысында II вахта ауысымының командасы 1 орын алды. Ал баскетболда I вахта ауысымының жігіттері алға шықты.

100 метр қашықтыққа жүзу жарыстары да бәсекелестікке толы болды. Екі команданың 10 мықтысы бір-бірінен асып түсті. Нәтижесінде IІ вахта ауысымының мұнайшысы Ғани Чалабаев жеңісті қолдан бермеді.

 

Үлкен және үстел теннисі турниріне Қаражанбастағы осы спорт түрінің нағыз мықтылары қатысты. Дәстүр бойынша, жарыстар алдын-ала және негізгі екі кезеңнен тұрды. Нәтижесінде, үлкен теннистен Жәнібек Дұрысбаев жеңімпаз атанды. Ал үстел теннисінен Айтмұхаммад Қазақ үздік деп танылды.

Зияткерлік спорт түрлері шахмат және тоғызқұмалақ жарыстарына 10-нан астам мұнайшы қатысты. Бір қызығы, аталмыш ойындардың жанкүйерлері тәжірибелі спортшылармен тең дәрежеде өнер көрсетті. Нәтижесінде, шахмат бойынша I вахтадан Асхат Абдуллаев чемпион атанды. Ал тоғыз құмалақтың бірінші орынын II вахта ауысымының жұмысшысы Бернұр Ғабдірасылұлы жеңіп алды.

Осылайша, қаражанбастықтар дене шынықтырумен айналысып қана қоймай, өзара қарым-қатынасты нығайтты. Ал іріктеу қорытындысы бойынша анықталған ең батыл, және зияткерлігі мықты командалар әрі қарай топтар арасында өтетін жарыстарға дайындалады.