К 30-летию Независимости Казахстана | 02 ақпан 09:09

Студенттер кен орнында вахталық әдіспен тәжірибе жинайды

«Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ арасындағы меморандумды жүзеге асыру аясында бір топ студент вахталық әдіспен кен орнындағы тәжірибеге бағытталған оқытуға барады.

Болашақ мұнайшылармен кездескен «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқарма өкілдері жастарға жылы лебізін білдіріп, студенттердің кен орнынан жинайтын тәжірибесі алған білімін шыңдай түсетініне сенім білдірді.

«Өздеріңізді компаниямыздан көргенімізге қуаныштымыз. Сіздерге өндіріс саласының майталмандарынан тәжірибе жинап, көрген-білгенін бойыңызға сіңіру мүмкіндігі туып тұр. Бұл кез келген адамға бұйыра бермейтін бақыт. Ең алдымен кен орнындағы қауіпсіздік ережесіне аса назар аударыңыздар. Біз өз кезегімізде сіздер үшін бар жағдайды жасап отырмыз. Алған тәжірибеңіз пайдаға жарап, осы саланың бетке ұстар маманына айналады деген сенімдеміз», – деді «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқарма мүшелері.

 

Өндіріс орнындағы жұмыстың қыр-сырын үйрету үшін әр студентке жетекші бекітілді. Олар болашақ мамандарды мұнайшылар қалашығының тынысымен таныстырып, технологиялық және өндірістік процесстердің қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Ал студенттердің алғашқы легі ақпан айының бесінен бастап вахтаға аттанады.

«Кен орнына баратын студенттер 8-10 ай көлемінде химиялық су тазарту аппаратшысы, электромонтер, токарь, бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бойынша жөндеушілер, дефектоскопист сияқты қажетті мамандықтар бойынша бес бағытқа бөлінеді.Айта кететін жайт, мұндай тәжірибеден өту жобасы пилоттық режимде жүзеге асып отыр. Біз болашақта осындай мамандықтар бойынша білім алып, еңбекке араласатын жастар санын көбейтуді көздейміз», – деді персоналмен жұмыс жөніндегі департамент директоры Ғибрат Ауғанов.

Жақын күндері кен орнындағы қызық та қиын жұмысты өз көзімен көріп, мұнайшылармен бір ауысым өткізуге дайын студенттер де дән риза.

 

«Электроэнергетика» мамандығын тәмамдағалы отырған биылғы түлек Бүркіт Нұртасұлы білікті мамандардан мол тәжірибе алатынына кәміл сенеді.

 

«Еліміздің мұнай өндіру саласындағы еңселі компаниялардың бірі – «Қаражанбасмұнайда» машықтануды екінің-бірі қалайтыны белгілі. Сүйіп таңдаған мамандығым болған соң, тәжірибеден осы өндіріс орнында өтетініме шын қуаныштымын. Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Сондықтан бұл біз үшін ұмытылмас тәжірибе болатынына сенімімдімін. Осындай мүмкіндік беріп отырған компания басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді ол.

Ел болашағы – білімді ұрпақ. Ал өндіріске бет бұрған жастарға осындай мүмкіндік ұсынып отырған «Қаражанбасмұнай» АҚ тәжірибеге бағытталған оқыту кезіндегі барлық шығынды өз мойнына алады. Басты мақсат – білім таразысының басында теория мен тәжірибенің тең болуы.