К 30-летию Независимости Казахстана | 19 қыркүйек 15:33

Сутегімен жүретін пойыз сынақтан өтті

Германиядағы Siemens компаниясының сынақ полигонында Mireo Plus H пойызы алғаш рет жолға шықты. Оған қоса сутегі пойызына жанармай құюға арналған жылжымалы станция да таныстырылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Сынақ алаңына Германия темір жол басқармасының (DB) төрағасы Рихард Лутц, ГФР Цифрландыру және көлік министрлігінің мемлекеттік хатшысы Хармут Хёппн және Siemens компаниясының басшысы Роланд Буш барды.  

Mireo Plus H пойызы мен жанармай құю станциясы DB мен Siemens Mobility-дің 2020 жылдың қараша айынан бастап Федералды цифрландыру және көлік министрлігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырып жатқан Mireo Plus H жобасының бір бөлігі ретінде әзірленді.  

Соңғы бірнеше айда сутегімен жүретін пойыздың жанармай құю процестері сынақтан өтіп, сертификаттау жұмыстары жүргізілді.

Mireo Plus H пойызы жанармай құю бекетіне тоқтаған соң, 800 км-ге дейін жүре алады. Негізгі көрсеткіштері бойынша ол электр пойыздарына сәйкес келеді және жылдамдығын 1,1 м/с²-ге дейін үдетіп,  160 км/сағ игере алады.