Ұйымдастырушылар тарапы сайт оқырмандары мен жанкүйерлер қауымына алғысын білдіре отырып, жеңімпаз аруға 100 мың теңге сомалық сыйлық сертификатын табыс етуді ұйғарды.
Біз де Гүлдария Ақжігітқызына хабарласып, жеңісімен құттықтадық. Университет қабырғасында мұнай саласы мамандығына оқығаннан кейін бірден үзбей «Өзенмұнайгаз» компаниясында еңбек етуге кіріскен қуаныш иесі 8 наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесі тұспа-тұс келген елеулі оқиғанын жанын жадыратып, әріптестерінің жылы лебізі астында қалғанын жасырмады.
«Әйелдің бәрі әдемі. Мен өзімді қазақтың қарапайым қызы санаймын және болашақ жастардың қолында екеніне сенемін. Қай ғасырда да сұлулықтың бірінші көрсеткіші – қарапайымдылық болған. Кішіпейілділік пен қарапайымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қазақ қыздарының бойынан осы асыл қасиеттерді көргім келеді. Ал жетістікке тек маңдай термен жетуге болады. Үлкендер кішкентайымыздан «Еңбектің наны тәтті» деген нақылды құлағымызға құйған ғой. «Қазақ елі» деген асыл ұғым осыны еске түсіреді.
Сонымен қатар, көп оқып, қоғам өміріне белсене араласқан жөн. Замандастарымды уақыт ағымынан қалмай, отбасы өмірі мен кәсіби тыныс-тіршілікті қатар алып жүруге шақырамын. Әсіресе қыз бала халқымыздың салт-дәстүрін насиахаттауды еш ұмытпағаны абзал», - дейді Гүлдария емен-жарқын күлімсіреп.
Биыл елімізде «Жастар жылы» жарияланғаны белгілі. Самұрық аруының айтуынша, шын мәнінде Мәңгілік мемлекетке айналу үшін ортақ міндеттерді жұмыла жүзеге асырып, Тәуелсіздікті нығайтуға өскелең ұрпақ өкілінің әрқайсы атсалысуы қажет.
Түр-әлпетіне, сымбатына үнемі көңіл бөліп, спортпен шұғылданатын Гүлдария тазалықты, ұқыптылықты ұнататынын және бұның киім киіс, жүріс-тұрыс сынды барлығына қатысты екенін айтады.
Отбасы тұрғысында, ақыл мен ажарды тең ұстауға тырысқан Гүлдарияның асқар таудай әкесі мұнай-газ саласында 20 жылдан астам еңбек етіп, 9 жыл бұрын дүние салған. Ақжаулықты анасы қазір әрдайым бір-біріне қол ұшын созуға дайын тұратын балаларының қолында екен.
«Көктемнің шуақты күндерімен сабақтаса келген «Самұрық аруы - 2019» сұлулық сайысына қатысуға бел буғанда, бастапқыда 151 қатысушының арасынан алға суырылып шығамын деген ой болған жоқ. Аламанның нәтижесін алғаш боп маған әлеуметтік желіде досым хабарлады. Қуанышым қойныма сыймады, біразға дейін сене алмай қызық күй кештім», - дейді ол.
Ал жылдам іске көшкен ұжымдастары арнайы салтанат ұйымдастырып, Гүлдарияның мерейін өсірген.
«Өзімді осы компанияда еңбек еткеніме мақтан тұтамын! Ең көп дауыс жинауға мүмкіндік берген, шын ниетпен қолдаған барша қазақстандықтарға, Маңғыстау жұрты мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қарасты барлық кәсіпорындар мен өзенмұнайгаздық әріптестеріме алғысым зор. Барлығыңызға бақыт тілеймін», - дейді Гүлдария Ақжігітқызы.
Кемел МАРАТ