Бүгінде Сексеуіл және Қазалы станцияларында үздіктерді анықтап, ең мықты деген ойыншыға берілетін жолдаманы сарапқа салып үлгерді. Яғни Сексеуіл торабында өткен турнирде Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкері, «ТЧЭ-36» командасының мүшесі Рақымжан Құлжанов пен Сексеуіл жол дистанциясының қызметкері, «ПЧ-59» құрамасының ойыншысы Аманжол Құлжанов жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Жалпы бильярд ойыны қолына кий ұстаған кез-келген адам ойнап кете беретін ойын емес. Оған ерекше икем мен шеберлік керек. Техникалық, геометриялық дайындық, философиялық жігер, математикалық дәлдікті қажет ететін ойын түрін тәп-тәуір меңгерген теміржолшылар аймақта жетерлік екеніне турнир барысында көз жеткіздік.
Салалық турнирдің Қазалы станциясындағы додасына 4 құрама команданың теміржолшылары қатысып, мұнда да үздіктерді анықтау үшін қызу ойын болды. Турнирге Қазалы вагон пайдалану депосының «ВЧД-6», Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының «ШЧ-40», Қазалы жол дистанциясының «ПЧ-60», Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ26» құрама командалары қатысты. Жүлделі 1-орынды Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының инженер-экологы Қуандық Төлемісов иеленді. 2-орынды Электрмен жабдықтау дистанциясының электромонтері Мейрамбек Ағасылов жеңіп алды. 3-орын Жол дистанциясының инженері Нұрлан Тағыбергенге тиесілі болды.
– Жүлделі үш орынға да бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды және басқа командаларды да ескерусіз қалдырмай, жұбаныш сыйлықтар берілді, – дейді Қазалы жол дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Дастан Әбішев.
Сабырхан Сейілбекұлы
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"