К 30-летию Независимости Казахстана | 04 желтоқсан 13:15

«Сұрмерген слесарь». Қырағы маманның құпиясы

Ел ішінде көп елене бермесе де, өндірістегі ең қат мамандықтың бірі – слесарь. Бұл мамандықты меңгеру оңай емес. Дегенмен, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехының 5-дәрежелі жинақтаушы-слесарі Ерболат Есполов бұл мамандықты таңдағанын әр кез мақтан тұтады.

Осыдан 39 жыл бұрын Красноводск қаласындағы техникалық училищеден «техник-механик» мамандығын бітіргелі бері мамандығына адалдығынан айнымай келеді. Адалдық дегеннен шығады, биыл үлкен кәсіпорында табан аудармастан еңбек еткеніне 16 жыл болыпты.

1962 жылы Түркменстандағы Красноводск қаласында, көп балалы отбасында дүниеге келген Ерболат сегіз ұл, бір қыздың арасында зерек өсті. Әкесі соғыс, ал анасы тыл ардагері, мектепте мұғалім болған кісі. Орта мектепті бітіріп, техник-механик мамандығын игерген ол Дальнереченск қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келісімен 1983 жылы мұнай заводында алғаш еңбек жолын бастаған ол бір жыл жасап, Уфра қалашығындағы теңіз базасына кеме жөндейтін слесарь болып ауысады. Ол жерде сегіз жыл еңбек етіп ширыққан жігіт шаңырақ та көтерді. Марқұм әкесінің аманатымен 2004 жылы елге қоныс аударып, Жаңаөзенге көшіп келгенде алғашында оңай болмады. Құрылыста, кейін Ақтаудағы ТВС мекемесінде жұмыс жасаған Ерболат сол жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

 

Қазір аталған кәсіпорынның пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехында жинақтаушы-слесарь Ерболат Сейілханұлымен бірге 160-қа жуық маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Әр маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Сораптарға түбегейлі жөндеу жасап, арнайы кескіндемеге қарап темірден, шойыннан сораптар дайындайды. Әрине, оңай емес. Әр кескіндеменің жүздікпен, миллиметрмен өлшенетін тұстары бар. Өте дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайды. Қателесіп те көрмепті, соның жемісі – 5-санатты слесарь атануы. Ерболат аға кәсіпорында орнықты жұмыс істеуінің себебін «Бұл кәсіпорын мен үшін ыстық. Осында Сергей Капулер, Дүйсенбай Шегебаев секілді ұстаздарымнан слесарлық мамандыққа машықтандым» деп түсіндірді. «Сол ұстаздарымның жолын жалғастырып, ел экономикасын өркендетуге атсалысып келемін», – дейді маман.

Бүгінде Ерболат Есполов көзінің қос қарашығындай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Ұлы Алматыдағы авиациялық техникумды бітіріп, Ақтаудағы әуежайда жұмыс істейді. Түтіні түзу жанып, шаңырағына береке-бірлік орнаған отбасында 94 жастағы кейуана бар. Ұрпағына еңбексүйгіштікті дарытып, саналы тәрбие беріп отырған Есполовтар отбасы осылайша көпшілікке үлгі болып отыр.

Лаура Жолдыбаева