К 30-летию Независимости Казахстана | 17 қазан 12:33

Табанды еңбек табысқа жеткізеді

Кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехы бірыңғай технологиялық блоктың көмегімен тәулігіне 74 500 текше метр сұйықтық өндіреді. 1987 жылы іске қосылған БТБ қондырғысы 35 жыл бойы қаламқас мұнайшыларының игілігіне қызмет етіп келеді. Мұнай құрамындағы тұз, механикалық приместерден айыру, мұнайды жуып-шаю, стандартқа сай таза мұнай дайындау процестерін жүзеге асыратын алып қондырғы операторлар үшін өндірістегі көп жұмысты жеңілдетіп, сұйықтық өндіруді автоматты түрде басқаруға мол мүмкіндік сыйлады. 18 жасында Қаламқасқа келіп, ел қатарлы қара алтын өндірісінде табанды еңбек еткен жандардың бірі – Абен Аманқұлов.

Абен Қадырқалыұлы 1973 жылы Түрікменстанда туған. Кейіннен отба-сымен Ақшұқыр ауылына қоныс аударып, сол жердегі орта мектепте білім алады. 1991 жылы СПТУ №1 училищесін тәмамдап, күзде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы, мұнай дайындау және өндіру цехында 3-дәрежелі оператор болып еңбек жолын бастайды. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол мұнайшы болуды бала кезден мақсат тұтқан.

«Өзім үйдің үлкенімін, менен кейін 5 қарындасым, 3 інім бар. Әкем Қадырқалы Аманқұлов ұзақ жыл көлік айдады. Анам Зиляш балабақшада тәрбиеші болып істеді. Сегізінші сыныпты оқып жүргенде мұнайшы болуды армандайтынмын. Мақсатыма бір табан жақындадым десем де болады», – дейді кейіпкеріміз.

 

Сол адал еңбек, төккен тер Абен Аманқұловты оператордан шебер деңгейіне дейін көтерді. 30 жылдан астам еңбек тәжірибесі өндірістің тікелей тағдырын шешетін, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы маманды әрдайым алдыңғы шептен табылуға үйретті. Өз ұжымының алдында абыройы асқан Абеннің еңбек жолындағы қиындықтарды қайсарлықпен ноқталағаны көрініп-ақ тұр.

«Қазіргі таңда цехта 2-ауысыммен 131 адам еңбек етеді. Ұжым-тату, мамандар білікті. Қандай жағдай болмасын бірлесіп іс қыламыз. Өндірістегі кезек күттірмейтін жұмыстардың уақытылы орындалып, өз қарқынымен жүріп отыруы үшін міндетімізге мығым болуымыз қажет. Тәулігіне өндірілген сұйықтық БТБ пештері арқылы 55 градус температурада қыздырылып, сепараторлар арқылы газы айырылады. Біздің цехтың жүгі мол. Жауапкершілікті әр жұмысшы жанындай сезінеді», – дейді білікті маман.

Дереккөз: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі