Компанияның бас директоры Петер Штурмның айтуынша, қазір басты назар жолаушылар тасымалындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге аударылып отыр. Мақсат – жолаушылар сұранысын қанағаттандыру.
Сервис билет сатудан басталады
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 2019 жылы толықтай электрондық жүйеге ауыстырылған Mobius билеттерді сату жүйесі бүгінде сәтті жұмыс істеп тұр. Яғни, кассадан немесе сайттан сатып алған әрбір билет электрондық болып табылады. Жолаушы жол жүру құжатын ресімдеу кезінде жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін енгізеді және ол пойызға отырғызу барысында жолсерік тарапынан мұқият тексеріледі. Бұл билеттерді қайта сатуға немесе алыпсатарлыққа жол бермейді.
«Mobius жүйесі өте тиімді. Ол адамның араласуынсыз жұмыс істейді, бәрі толықтай автоматтандырылған. Бас көлік прокуратурасы биылғы жылы билеттерді қайта сатудың бірде-бір дерегін анықтамағанын растады, бұған мен таң қалмадым. Өйткені, біз осы жүйенің ашықтығы мен қауіпсіздігіне сенімдіміз», – дейді Петер Штурм.
Mobius қауіпсіз және ашық жүйе болғанына қарамастан, оны үнемі жетілдіріп отыру көзделген. Мәселен, биылдың соңында ONAY компаниясымен бірге Алматыға біріктірілген билеттерді енгізу қарастырылған. Яғни, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарына Алматыға дейін билет сатып алған кезде жергілікті қоғамдық көлікке, оның ішінде метроға билет сатып ала аласыз. Атап өтерлігі, биылғы маусымда Шымкентке жолға шыққан жолаушыларға Сарыағаш қаласына сапарын жайлы автобустармен жалғастыруға мүмкіндік бере отырып, құрамдастырылған билеттер тұжырымдамасын енгізу тестілеуден өткен еді.
Қоғам басшылығы, сондай-ақ, Mobius жүйесіне түрлі промокодтарды енгізу жоспарда бар екенін айтады. Қазір жолаушыларға тиімді бағамен қосымша қызметтер ұсына алатын серіктестермен келіссөздер жүріп жатыр. Жолаушылардың Mobius жүйесіндегі жарнамалық кодтарды қолдана отырып, белгілі бір артықшылықтарға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Мысалы, Алматыға Talgo пойыздарымен барғандарға Шымбұлаққа дейін көтерілуге жеңілдіктер ұсынылады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-дағы тағы бір жағымды жаңалық – биылғы шілде айының соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдетілген билеттерді онлайн сатып алу қызметін іске қосуы еді. Бұл жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен іске асырды.
Авторландырылған пайдаланушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ сайтында сапар күні мен вагондағы орынды таңдағаннан кейін мәртебесін растау үшін өз деректерін: ЖСН, мүгедектік туралы анықтаманың нөмірі және EGovmobile қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисінде ID әлеуметтік құжатқа қолжетімділік ашылғаннан кейін пайда болатын 6 таңбалы кодты көрсету қажет. Сайтта өз деректерін толтырып және дербес деректерді өңдеуге келісім бергеннен кейін билеттерді сату жүйесі мүгедектік мәртебесін алу үшін «Цифрлық құжаттар» сервисіне сұрау салуға жіберіледі. Деректерді тексеру кезінде жолаушының мәртебесі расталады. Бұдан әрі сату жүйесі төлем жүргізу және жол жүру құжатын ресімдеу үшін таңдалған орынға жеңілдікті қолдануға мүмкіндік береді.
«Өткен жылы темір жол билеттерінің 50%-дан астамы онлайн сатылды, біз бұл көрсеткішті 2021 жылы арттыруға тырысамыз және мүмкіндігінше көп жолаушылардың билеттерді онлайн сатып алуын қалаймыз. Бұл уақыт пен ақшаны айтарлықтай үнемдейтін ең тиімді әдіс. Біз елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, мүгедек азаматтардың билет кассаларына бармай-ақ теміржол билеттерін сатып алу процесін жетілдіру туралы шешім қабылдадық», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Петер Штурм.
Жайлы төсек, таза вагон
Жолаушылардың ризалығына бөлену үшін вагонда тазалық, тәртіп пен жолсеріктердің қарым-қатынасы жақсы болу керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы ішкі клининг бойынша мүлдем бөлек жаңа тұжырымдама жасапты. Оның негізінде вагондарды жинап тазалау парогенераторлардың көмегімен мұқият жүргізілуде екен.
«Біз бұл үшін егжей-тегжейлі тұжырымдама жасадық және тазалаудың тиімділігін үнемі қадағалап отырамыз. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бақылаудың екі деңгейін қолданады: тазарту қызметтерін жеке филиалдардағы өз командамыз, сондай-ақ пойыздарда жеке тексерулер жүргізетін команда тексереді. Нәтижесінде біз жолаушылар пойыздарында ерекше тәртіп пен тазалыққа қол жеткіздік. Пойызбен сапарға шығып, жолаушылармен жеке сөйлескенімде, олар да мұны растады. Олар вагондардың қаншалықты тазарғанын айтады. Вагондардың ішін жуу күніне үш рет, дәретханаларды жуу – күніне 12 рет жүргізіледі. Біз вагондардағы санитарлық тораптарды ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылдың қазан айынан бастап біз оларды ауыстыра бастадық. Біз мұны 500 вагонда жасауды жоспарлап отырмыз», – дейді компания басшысы.
Петер Штурм сонымен қатар кейбір вагондарда тоңазытқыштар мен микротолқынды пештер орнатылғанын және бұл жұмыс жалғасатынын, бірақ бұл жабдықты техникалық себептерге байланысты барлық вагондарда орнату мүмкін еместігін айтады. Ол сондай-ақ, қазақстандық пойыздарда берілетін төсек-орынның жағдайы Еуропа пойыздарына қарағанда алты есе жақсы екенін жеткізді.
«Төсек-орында болуы мүмкін ақаудың үлесін анықтайтын белгілі бір халықаралық стандарт бар. Еуропадағы бұл стандарт 3% құрайды. Қазақстанда қазіргі уақытта 0,5%-ға қол жеткізілді. Бұл біздің Еуропаға қарағанда алты есе жақсы екенімізді көрсетеді. Мұны үлкен жетістіктің бірі деп білемін», – дейді Петер Штурм.
Жолсеріктердің жолаушылармен жақсы қарым-қатынаста болуы, кәсіби маман әрі компанияның өкілі ретінде өзін ұстай және таныта білуі маңызды екенін ескерген «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы осы жылдың басында сапаны басқару жүйесін енгізген екен. Жолсеріктерге арналған бірқатар тренингтер өткізілсе, бірнеше аптадан кейін сапаны басқару бойынша мобильді қосымша енгізілмек. Осы қосымшаның көмегімен пойыз бригадалары жолда пайда болатын барлық ақаулар мен сервис туралы ескертулерді белгілей алады. Сонымен қатар, ұлттық тасымалдаушы көрсететін қызметтердің сапасын одан әрі арттыруға ықпал ететін бақылау жүйесі де бар екен.
Паркті жаңартуда алға жылжу бар
Жолаушылар вагоны паркін жаңарту бүгінгі күннің маңызды тақырыбының бірі. Бар мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Десе де, бұл бағытта ілгерілеу бар. Мәселен, қазіргі таңда ел ішінде 670 вагоннан тұратын Talgo пойыздары қатынап жүр. Жыл соңына қарай жылжымалы құрам паркі қосымша 62 Talgo вагонымен толықпақ.
«Соңғы екі жылда біз ресейлік Трансмашхолдингтен 209 жаңа вагон сатып алдық, олар жолаушылар көңілінен шығып, жоғары баға алды. Алдағы уақытта тағы 32 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. Әрине, конкурс бойынша маңызды мәселе бар. Соның нәтижесінде біз алдағы бірнеше жылда 500-ге жуық вагон сатып алғымыз келеді. Бұл байқау халықаралық стандарттар бойынша өткізіледі және жақын арада үміткерлердің қайсы біздің жаңа стратегиялық серіктесіміз болатыны белгілі болады. Алғашқы жаңа вагондар 2024 жылы жеткізілуі үшін біз мәмілені осы жылдың соңына дейін аяқтауға тырысамыз. Осы тапсырыстың арқасында біздің барлық жылжымалы құрам паркінің 2/3 бөлігі жаңғыртылады», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры.
Ол сонымен қатар өткен жылы нарыққа үлкен зерттеу жүргізіп, клиенттердің қажеттіліктерін білуге қадам жасағанын атап өтті. Зерттеу барысында әйелдерге арналған жеке купенің болғанына белсенді қызығушылық танытыпты.
«Біз бұл бастаманы биылдың өзінде жүзеге асырып жатырмыз. Жылдың соңына қарай әйелдер жеке купелерге тапсырыс бере алады. Бұл ұлттық тасымалдаушының клиентке бағдарлануының жоғары деңгейін көрсететін шаралардың бірі», – деп түйіндеді сөзін Петер Штурм.
Сұлугүл Бакесова
Фото: Александр Жабчук