Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов «Тәлімгер» жобасының түлектеріне еңбек кітапшаларын табыстады. Әлеуметтік жоба Қор бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін колледжді аяқтаған балалар үйінің 100 тәрбиеленушісі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына жұмысқа орналасатын болады.
Сондай-ақ Қордың портфельдік компаниялары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп дуальді оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бұл формат студенттерге «Самұрық-Қазына» компанияларында тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысындағы 7 колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. 2025 жылы өңірдің 113 студенті «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Энерго» және «QazaqGaz» сынды Қордың кәсіпорындарында дуальді білім алуға мүмкіндік алады.
«Самұрық-Қазына» және Түркістан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім жаңа білім беру бағыттарын дамыту және өңір жастары қызмет жолында табысқа жету үшін жағдай жасау жөніндегі уағдаластықтарды бекітті.