Азиз Толыбаев осыдан 10 жыл бұрын Қаражанбастағы жабдықтарды пайдалану және икемдеп жөндеу цехына слесарь болып жұмысқа орналасты. Жас маман өндірісте жүріп, білікті мұнайшылардан мол тәжірибе жинады. Бүгінде көрген-түйгенін пайдаға жаратып, істен шыққан құрылғыларды қалыпқа келтірудің хас шеберіне айналды.
«Биыл өмірдің үшінші он жылдығына қадам бастық. Уақыт өтіп, жасыма жас қосқан сайын Отан мен отбасы алдындағы жауапкершілігім еселене түсетінін жақсы сеземін. Сондықтан да жүктелген жұмысты абыройлы атқарып, саланың дамуына тамшыдай үлес қосу мен пайдамды тигізу мен үшін зор қуаныш. Қаражанбастың өркендеуі үшін барымды саламын», – дейді Азиз.
Отызда орда бұзып ұжымның жүрегі, отбасының тірегіне айналған тәуелсіздік құрдастары кен орнында жүріп, дамудың даңғыл жолындағы Қазақстанмен бірге өркендей бермек. Еңбекті еселеп, жетістікті молайта түсу үшін тынымсыз талпыну – ең басты ереже.