К 30-летию Независимости Казахстана | 29 шілде 09:30

Таразда ҚТЖ кәсіподағының ұйытқы болуымен футбол алаңы ашылды

Жамбыл вагон пайдалану депосының Тараз қаласындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде шағын футбол алаңы ашылды. Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген спорттық нысан – салалық кәсіподақтың Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арнаған тартуы.

Футбол алаңының ашылу рәсіміне Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Айдын Сейітбенбетов, «Қазкөліккәсіп» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жұман Сәменов, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Әзизхан Қалыбаев қатысып, вагоншылардың қуанышын бөлісті. 

– Теміржолшылар арасында шағын футболға деген қызығушылық жоғары. Жылдан-жылға ала доп жарысында бәсеке артып келеді. Сондықтан тек вагоншылар емес, бөлімше қызметкерлерінің спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызатын ортақ алаң болсын, – деді Айдын Пайзылдаұлы.  

 

Жұман Тұрғанбайұлы теміржолшылардың шағын футбол алаңына деген сұранысы назарға алынып, кәсіподақтың қолдауымен ашылған спорт нысанын салуға бір жылдай уақыт кеткенін жеткізді. Жасыл алаңның ашылуына орай жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшелерінің құрама командалары футболдан жолдастық кездесу өткізді. «Қазақстан темір жолына-120 жыл» логотипі бар бірдей кепка киген жігіттер жасыл алаңның сәнін кіргізіп, ойын көрігін қыздырды.  

– Бүгінгі ойын жолдастық кездесу болғандықтан, қос құраманың ойыншыларын да арнайы сыйлықтармен марапаттауды жөн көрдік. Күннің ыстығына қарамастан матч аса тартысты өтті, – дейді Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев.  

Футбол алаңы вагон пайдалану депосында ашылған соң, теміржолшылар оны «Вагоншылар» стадионы деп атауды ұсыныпты. 

Ардақ Үсейінова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"