Сонау қиын-қыстау заманда аға буын мұнайшылар еңбекке ерте араласып, қара алтынды өндіру ісінің бар ауыртпашылығын көтерді. Көліктің жоқтығынан арбамен мұнай тасып, тың кәсіпті жолға қойды. Бұл қасиетті далаға жаңа тыныс әкелді. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде доссорлық мұнайшылардың талай буыны қалыптасты.
Бүгінгі жетістіктердің артында – өндірістің өркендеуіне мол үлес қосқан мыңдаған адамның маңдай тері мен еселі еңбегі жатыр. Доссор отандық мұнай саласының қалыптасуының символына айналды. Дәл осы жерде кәсіби дәстүрлер бастау алып, заманауи мұнай өндірісінің негізі қаланды.
Бүгінгі таңда Доссордың тарихы жаңа кезеңмен сабақтасқан. Ембімұнайгаз компаниясына қарасты «Доссормұнайгаз» басқармасының өзге кеніштерінде мұнай өндіру ісі жалғасуда. Өндіріс дәстүрлері сақталып, озық технологияларды қолдануға және операциялық тиімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі кезде Ембімұнайгаз болашаққа сеніммен қарап, өндірісін өркендетіп отырған іргелі кәсіпорын. Әлеуметтік жауапкершілігін де өз деңгейінде орындап, Атырау облысында спорт және мәдени нысандардың, медициналық орталықтардың құрылысына, мектеп жөндеу, жол салу жұмыстарына атсалысып келеді.
Сонымен қатар кадрларды даярлау, соның ішінде дуалды оқыту жобасын сәтті іске асыруда. Доссордың өткені мен бүгіні, оның мұнай саласындағы орны және ұрпақтар сабақтастығы туралы деректі фильмді назарларыңызға ұсынамыз.