ТКБ қызметкерлері өндірістік объектілерге жүктер мен жабдықтар тасымалдап, мұнайшыларды жұмыс орындарына қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Солардың бірі – Сағынғали Айтанов 18 жасында көлік руліне отырды. Тоқсаныншы жылдары Қаражанбастың технологиялық көлік цехы енді аяққа тұра бастаған еді. Бұл кезде кен орнында саусақпен санарлық арнайы техника бар болатын. Бірақ жас мамандардың ынтасы, ынта-жігері және жұмыс істеуге деген құлшынысы бүкіл технологиялық процесс пен өндірістің өрлеуіне күш берді.
«Мен Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасу жылдарында жұмысқа кірістім. Кен орны да енді дамып келе жатыр еді. Басында мен әр түрлі көліктерді жүргіздім. Соңғы 15 жылдан бері жолаушылар автобусын басқарып келемін. Сол жылдары көлік жетіспейтіндіктен, мұнайшылар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, кен орны аумағында жаяу жүрді. Қазір, әрине, бәрі басқаша. Заманауи жабдықталған цехта барлық жағдай жасалған», – дейді Сағынғали.
Сағынғали Айтановпен бірге кен орнында көптен бері жүрген жұмысшылар діттеген жерге жетіп, талай табан тоздырған жылдарын сағынышпен еске алады. Олар компаниядағы жағымды өзгерістер мен жетістіктерге қуанып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Процестерді автоматтандыру, автопаркті жаңарту, жаңа нысандар салу, өндірілген қара алтынның әр тоннасы ұжым ұйымшылдығы мен қалыптасқан игі дәстүрлердің арқасында жүзеге асып келеді.
«Мен жолаушылар алдындағы жауапкершілікті ерекше сезінемін. Өйткені әріптестерімнің қауіпсіздігі – мен үшін аса маңызды. Бұл жүргізушілердің негізгі заңы», – дейді Сағынғали.
Қозғалыс, есептеу және тез шешім қабылдау. Үлгілі жүргізуші бұл қасиеттерді шахматта да қолданады. Айта кетейік, Сағынғали шахматтан Қаражанбастың бірнеше дүркін чемпионы. Ол мұнайшылар арасындағы республикалық жарыстарда да өнер көрсеткен. Компанияның көлік басқармасында осындай жауапты және көреген жандар жұмыс істейді. Олар үшін кен орнының әр шақырымы өмір жылдары іспетті. Темірдей берік мінезді, ерік-жігері мықты мамандар, компания үшін автомобильдің ең сенімді «бөлшегіндей» бағалы.