Оның айтуынша, машинист болудың қиындығы өз алдына, жүйкеге түсетін салмақ, денсаулыққа зияны да бар. Неге десеңіз, электровоз – 27 мың вольт ток көзі қосулы тұрған сымдардың ортасында жүреді. Қуатбек Мықтыбекұлы бұл салаға орта жолдан қосылмаған. Оның атасы, әкесі, ағалары, қысқасы, әулеттің бәрі түгел дерлік теміржолшылар. Атакәсіпке айналғалы қашан.
"Осы жиырма бес жылда қанша мың км жол жүргенімізді кім санапты, жақсыны да, жаманды да көрдік, қауіп пен қатер де қатар жүреді. Талай рет мал басып, тіпті адам басып кеткен жағдайлар да кездесті. Мал қағып кеткен кезде пойызды шұғыл тежеп, жолдан алып тастаймыз. Содан соң артымызда келе жатқан өзге машинистерге рациямен хабарлап кетеміз. Кейде жол үстіне бөгде зат қойып кететін қаскүнемдер болады. Бірде сондай затты көмекшіміз екеуміз алып тастауға шамамыз келмей жақын маңда жүрген жолшыларды көмекке шақырдық", – дейді машинист.
Қуатбеков бүгінгі таңда машинистердің жалақысы жақсы көтеріліп жатқанын, ол қиындығы мен қауіп-қатері көп атқарып жатқан еңбектеріне сай екенін айтып өтті.
"Мен үшінші класты машиниспін. Егер Таразға баратын болсақ – 10-11 сапар, оңтүстік Сарыағашқа баратын болсақ 15-17 сапар жасаймын. Осы аралықтағы жолды әрбір қадамына дейін жаттап алғам десем болады, қай жерде жылдамдықты арттыру, қай жерде төмендету – бәрі санада жазулы тұр. Кедір-бұдыр жолдарда электровоздың жылдамдығын азайтамыз, тура жолда көтереміз. Бұйырса, 57 жаста салалық зейнеткерлікке шығамын деген ойдамын, оған дейін денсаулық жетіп тұрса, еңбек еткенге не жетсін", – дейді кейіпкеріміз.
Машинистің айтуынша, Қазақстанның теміржолдары негізінен сапалы, дегенмен арасында сапасы төмен телімдер де бар, олар жолшылардың күтіміне байланысты. Жақсы күтім болса – қауіпсіз, нашар болса – қауіпті.
Жансая Сыдықбай
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»