К 30-летию Независимости Казахстана | 20 маусым 10:00

Теміржол арқылы жүк экспорттау көлемі артты

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының биылғы жылдың өткен бес айындағы жұмыс көрсеткіші қанағаттанарлық. Жалпы, қаңтар-мамыр айлары аралығында ҚТЖ желісі бойынша 103,6 млн тонна жүк тасымалданған.

Теміржол көлігі арқылы жүктерді экспорттау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артып, 37 млн тоннаны құраған. Республика бойынша жүк тиелімі артып, 66,5 млн тоннаға жетті.

Таратып айтар болсақ, тас көмір тиеу 44, 3 млн тоннаны құрады, соның ішінде елдің ішінде 31,1 млн тонна қатты отын тасымалданған. Айта кетер болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ бойынша көмір тиеу көлемі 106,7 млн тоннаны құрады, бұл жалпы теміржол көлігімен тасымалданған жүктердің тең жартысы десек болады. Қазақстан бойынша 74,3 млн тонна көмір тасымалданып, экспортқа 32,4 млн тоннасы тиелген.

Астық тасымалы да өткен жылға қарағанда 24,5%-ға артып, 4,9 млн астам тоннаны құрады. Елдің ішіндегі астық тиелімі 12,7%-ға, яғни 937 мың тоннаға дейін өсті. Экспорт 27,7%-ға, яғни 3,9 млн тоннаға көбейді. Ал 2022 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісі бойынша 10 млн тонна астық тасымалданып, соның ішінде 8 млн тонна эскпортқа шығарылған еді.

Ұнтақталған ұн өнімдерін тиеу көлемі 12,8%-ға өсіп, 1,3 млн тоннаға жетті, соның ішінде еліміз бойынша 16,2%-ға, яғни 345 мың тоннаға дейін артты. Экспорт 11,6%-ға өсіп, 978 мың тоннаға дейін жетті.

2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мұнай жүктерінің тиелімі бойынша да 4,4%-ға дейін өсім бар, бұл көлем 7,8 млн тоннаға жетті. Сол сияқты химиялық тыңайтқыштар 8,5%-ға артып, 1,8 млн тоннаға дейін тиелді, ал құрылыс жүктерінің өсімі 13%, яғни 5,8 млн тоннаға өскен.  

Эксплуатациялық жүк айналымы 2023 жылдың бес айында 112,5 млрд т-км неттоны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 9,6% артық.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"