Атап айтқанда, Арыс, Түркістан, Түлкібас пен Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің іріліұсақты кәсіпорындарында ғимарат, кеңселер ақталып-сырланып, аула тазалау мен ағаш отырғызу және гүлмен көркемдеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Қазіргі кезде көктемде отырғызылған көшеттер күтіп-бапталып, тұрақты түрде суарылып, апталық кесте бойынша төңіректің күл-қоқысы түгел шығарылуда. Осы істің басы-қасында жүрген НЖС-9 мекемесінің жетекші инженер-экологы Сүйімбек Сапаров кейбір әріптестерінің жас көшеттердің күтімін жасауда жанашырлықпен жаңашыл қадамға барғанын айтады.
– Арыс электр тартымдық станциясының электр-механигі Бақытжан Оңғарбаев қосалқы станция ауласына теміржолшылар отырғызған гүл мен көшеттерді тамшылатып суару жүйесін өз қолымен жасады. Бұл өзі – қолынан келсе, көпшілікке үлгі, өнеге боларлықтай іс, – дейді өңірдің инженер-экологы.
Жалпы, әлі де жалғасып жатқан оңтүстіктегі тазалық айлығына осы кезге дейін өңірдің 1 321 қызметкері жұмылдырылды. Тіпті «Бейсенбідегі тазалық» күні де тұрақты түрде ұйымдастырылып, оған Арыс жол дистанциясынан 520 адам мен Шымкент жол дистанциясынан 296 маман қатысқан. Сол сияқты ЗИЛ-130, КамАЗ, МТЗ-80 секілді арнайы техникалар көмегімен айлық шара аясында 2,5 мың тонна шөп-шалам мен күл-қоқыстар арнайы полигондарға төгілген. Оған қоса, теміржол учаскелері мен жол айналымдарының маңайындағы қоқыстар да жинастырылған. Бұл ретте мекеме, кәсіпорын жетекшілері жергілікті әкімдік пен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімдерімен, полиция өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен белсенді әрі бірлесе жұмыс жүргізуінің нәтижесінде, аймақ, ауылдар мен теміржол телімдерінің маңайында тазалық жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн.
Нұрлыбек Досыбай
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"