Айта кетсек, Маңғыстау теміржолында күзгі комиссиялық байқау қыркүйектің 12-нен басталған болатын. Әдеттегіше биыл да байқау жүргізетін комиссия мүшелері алдын ала бекітіліп, аралайтын нысандардың тізімі жасақталды. Комиссия құрамы 11 қыркүйек күні Маңғыстау станциясынан биылғы байқаудың алғашқы бағыты Болашақ-Маңғыстау теліміне жол тартқан. Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов төрағалық ететін комиссияның құрамында сала кәсіподағы мен теміржолдың түрлі саласынан елуден астам адам бар. Олар алғашқы күндері Болашақ – Өзен, Өзен – Болашақ станциялары аралығындағы нысандарды аралады. Шаруашылықты жіті тексеріп, кем-кетігін қарады, қысқа дайындық барысын сарапқа салды. Әрі қарай Маңғыстау – Құлсары бағытына ауысып, осындай жұмыстар Құлсары – Бейнеу, Бейнеу – Тассай, Бейнеу – Оазис телімдерінде жалғасты.
– Күзгі байқау барысында темір жолдардың, ғимараттардың, жылу қазандықтарының, техника мен көліктердің, байланыс, электр мен СОБ құрылғыларының жай-күйіне, жұмысшылардың еңбек жағдайларына тексерістер жүргізіліп, табылған кемшіліктер бойынша сала басшыларына тапсырма берілді. Оған қоса, «Теміржолсу-Маңғыстау» мекемесі ағымдағы жөндеу жүргізіп жатқан 6 ғимараттың жай-күйі қаралды. Жұмыстарды жылдамдатып, қазан айының соңына дейін толық бітіру туралы мердігер мекемеге міндеттелді. Олар – Бейнеу ПТО ғимараты, Маңғыстау станциясындағы тауар кассасы, Маңғыстау күзет паркі, Сай-Өтестегі локомотив бригадаларының демалыс үйі, Маңғыстау локомотив депосының АБК ғимараты, Өзен станциясында техникалық қызмет көрсету пунктінің жуынатын бөлмесі, – дейді Маңғыстау қосалқы бөлімінің өндірістік бөлім басшысы Нұркен Қосымов.
Жалпы, түбек теміржолындағы күзгі байқау жұмыстары жоспарға сай, белгіленген тәртіппен жүргізілуде. Ол 2 қазанға дейін жалғасады. Әрі қарай тіркелген кемшіліктер сараланып, оны жою шаралары алынатын болады.