Мұражай табалдырығынан аттасаңыз, қарама-қарсы екі қабырғаға ілінген қос картаның бірінде 19-ғасыр, екіншісі 20-ғасырда аймақтағы теміржол құрылысының сұлбасы бедерленген. Бұдан кейінгі экспонаттардан өткен ғасырдың басында салынған Ташкент-Орынбор теміржолы құрылысынан тарихи суреттер мен құжаттар, алғашқы станциялар сұлбасын көруге болады. Келесі экспозицияда қала тарихы, яғни 1853 жылы қоқандықтарды аймақтан қуып шығып, Перовск бекінісінің (Перовск – Қызылорданың алғашқы атауы) салынуы жайлы мәліметтер бар.
Социал-демократтардың ықпалымен жұмыс сағатын азайту, жалақыны көтеруді талап еткен депо слесарі А.В.Червяков бастаған, құрамында жеті мүшесі бар «большевиктік жетеу» ұйымының суреттері сақталған. Жалпы мұражайға қойылған экспонат, тақта-стенд, сұлба-макет, әртүрлі құжаттар, кітаптар секілді 150-ден астам жәдігердің арасында не жоқ десеңізші?! 1902 жылы шығарылып, ұзақ жыл қолданыста болған шойыннан жасалған рельстің сынығы да сақталған.
«Мұражайға қазалылық теміржолшылар әкеліп тапсырған, бүгінде тарихи жәдігерге айналған рельстің үш түрі бар. Оның бірінің ұзындығы 113 см, ені 10 см, биіктігі 11,5 см көлемінде, жақтау қабырғасында «к.з.кн.Б.БЬЛОСЕЛЬСКАГО 1902 года» деген жазу жазылған», – деді мұрайжай қызметкері Қызғалдақ Оспымбетова.
Тарихқа көз жіберсек, бұл рельс Ресейде теміржол енді пайда болған екі ғасыр бұрын Еділ-Жайық өңірінде темір қорытып, болат рельс шығаратын князь Белосельский-Белозерскийдің шеберханасының өнімі болса керек деп ой түюге болады. Князьдің Уфа губерниясының Катав-Иванов мекенінде де темір-болат балқытатын шеберханасы болды деген деректер бар. 1901 жылдан бастап шеберханадан шығарыла бастаған мұндай рельстердің екінші жақтауына к.ж.д деген мөр-таңба (клеймо) басылыпты. Сәйкесінше, бұл белгілер қазыналық темір жол аббревиатурасы немесе «Константинов темір жолы» дегенді білдірсе керек. Белосельский-Белозерскийдің шеберханасының өнімі Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысына пайдаланылып, Сыр бойына да жеткен болып тұр ғой.
Мінеки, екі ғасырды жалғастырып жатқан теміржолдың тарихын зерделей келе талай-талай тұма сырға қанығуға әбден болады.
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»