К 30-летию Независимости Казахстана | 09 июля 17:46

Теміржолшыдан ұлттық компания басшысына дейінгі еңбек жолы

Жалғыз акционер «Самұрық-Қазына» АҚ-ның шешімімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылды.

Талғат Сағиұлының еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісі. Теміржол саласында қарапайым теміржолшыдан бастап ұлттық компанияның басшысы деңгейіне дейінгі барлық кәсіби сатылардан өткен ол еңбекқорлық, жауапкершілік, жоғары кәсібилік және мамандыққа деген адалдық үлкен жетістіктердің негізі екенін іс жүзінде дәлелдеді. Оның басшылығымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өңірдегі жетекші көлік-логистикалық операторлардың бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайтты.

Компанияда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, теміржол желісі жаңғыртылды, жылжымалы құрам кезең-кезеңімен жаңартылды, өндірістік үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық технологиялар енгізілді. Тиімді басқарудың нәтижесінде Компанияның табысы екі еседен астам өсті.

 

Әлеуметтік саясатты дамытуға да айрықша көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес теміржолшыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында қызметкерлер тұрғын үйді бастапқы жарнасыз және жылдық 4 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алу мүмкіндігіне ие. Биыл бұл бастама Астана, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Семей қалаларын қамтып, Компанияның 500-ден астам қызметкер отбасы баспаналы болады.

Өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да негізгі басымдықтардың бірі болды. Wabtec компаниясымен бірлесіп заманауи әлеуметтік нысандар салу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісу облысының Жаркент қаласында Алтынкөл – Жетіген учаскесін жаңғырту аясында 140 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Ақтөбе облысының Шалқар қаласында Өнер мектебінің құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасап, Шалқар теміржол торабы мен аудан тұрғындары үшін маңызды мәдени-білім беру орталығына айналады.

Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде Оқушылар шығармашылық сарайының құрылысы жүргізілуде. Заманауи білім беру кешені құрамында 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі жұмыс істейтін болады. Бұл жоба өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Астанада жалпы аумағы 3 600 шаршы метрді құрайтын заманауи Теміржол музейінің ашылуы да маңызды оқиғалардың біріне айналды. Музей отандық теміржол саласының бай тарихи мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауға қызмет етеді. Теміржолшылар үшін Талғат Сағиұлы – өз кәсібіне шын берілген, салмақты шешім қабылдай білетін, ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңа жетістіктерге жігерлендіре алған нағыз көшбасшының үлгісі бола білді.