К 30-летию Независимости Казахстана | 23 тамыз 09:52

Теміржолшылар әулетінің жалғасы

Тарлан теміржолшылар еңбегі қандай құрметке де болса лайық екені дау тудырмайды. Қандыағаш белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары Талғат Ниязов биылғы Көлік қызметкерлері күніне орай Ұлттық компания басшысының Құрмет грамотасын алып, марапатқа бөленді.

Бір кездері мүлгіп жатқан сайын далаға жан бітірген шойын жол бүгінде ел экономикасының өн бойына қан жүгірткен күретамырға айналды. Ақтөбе өңіріндегі теміржолшылар қалашығы атанған Шалқар станциясына теміржолшылар кәсібі дендеп енгелі ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде теміржолшы мамандығы мұнда отбасылық кәсіпке айналған десе болады. Осы салада отыз жылдан аса еңбек етіп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз, Қандыағаш белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары Талғат Ниязов та атақты теміржолшылар династиясының өкілі. Әкесі Жанарыстан 40 жылдан аса теміржолда еңбек еткен, ұзақ жылғы адал еңбегі арқасында «Құрметті теміржолшы» атанған жанның он баласы да нәпақасын теміржолдан тапты. Бұл шалқарлықтар үшін жаңалық емес, өйткені әр отбасының баласы теміржолшы болуды армандап өскен ортада, керісінше   бала ата кәсібін жалғастырмаса, сол сын.  

«Әкеміздің ізімен барлық бауырым теміржолшы болды, түрлі салада. Өзім сексенінші жылдары Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек жолымды бастадым. Электромонтер, одан электромеханик болып көп жыл жұмыс істедім. Алғашқы жылдары машинист пен кезекшіні, кезекші мен станция бастығын жалғастырып, бағдаршамдардың қосылу тәртібін меңгергенім күні бүгінге дейін есімде. Күнде бір нәрсені үйреніп келетінмін, мен үшін бәрі қызық болды, теміржол – бір кірген жанға қайта шығатын есігі жоқ, тұңғиығына тартып алатын керемет сиқырлы әлем секілді. Мен де солай, өз салама қатты берілдім, көп жұмыс істедім, білім мен тәжірибе жинадым», – дейді кейіпкеріміз.  

Бүгінде үш жүзден аса жұмысшысы бар дистанция бастығының орынбасары болып еңбек жолын жалғастырып жатқан Талғат Жанарыстанұлы соңғы кезде салада жаңалық көп дейді. Айтуынша, заманауи сымсыз желілердің қолданысқа енуі байланыс дистанциясындағы жұмысты көп жеңілдеткен.  

«Бұрын бағдаршамдарға үйдегідей лампа салынатын. Сәйкесінше, олардың жарамдылық мерзімі де қысқа болды. Оны ауыстыру үшін ондаған шақырым жол жүріп баратынбыз. Қазір бағдаршамдар ұзақ мерзімге жарамды, ауа райына төзімді. Олар істен шыққан күннің өзінде барлық шамдары бірдей жанып кетпейді. Және алыстан жарқырап жанып тұрады. Желілік байланысты да сымсыз, ұзын кабельдерсіз ұйымдастыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Теміржолдағы бұл жаңалықтардың бәрі – дамудың, жаңашылдықтың көрсеткіші. Ал белгі беру-байланыс жүйесінің дамуы теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігінің сенімділігін арттырып, сапа, тасымал, жылдамдық – бәріне оң әсер етеді», – дейді Талғат Ниязов. 

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"