Семинар-тренингтің мақсаты – қауіпсіздік техникасы бойынша өндірісте, сондай-ақ күнделікті өмірде жарақат алған жағдайда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына үйрету. 15-16 тамызда «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Астана қаласындағы Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы базасында кестеге сәйкес алғашқы 20 қызметкер оқытылды. Семинарда оларға адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған нақты іс-әрекеттер көрсетілді, яғни мұнда жапа шегушінің жағдайын бағалау, оның алған жарақатының сипаты мен ауырлығын анықтау, ағзаға зиянды әсер ететін факторларды жою, содан кейін ғана құтқаруға қатысты әрекеттерге көшу жолдары үйретілді.
Тренинг аяқталғаннан кейін қатысушыларға бүкіл әлемде танылған және екі жыл бойы жарамды EFAC (European First Aid Certificate) халықаралық нөмірленген сертификаттары берілді. Арнайы оқытылып, сертификатталған қызметкерлер өндірістік кәсіпорындарда, мейлі басқа жерлерде болсын төтенше жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жинақталған тәжірибесін тарата алады.
Есіңізде болсын, алғашқы көмекті медициналық көмек деп қабылдамаған жөн, ол дәрігерлер келгенге дейін немесе зардап шегушіні ауруханаға жеткізгенге дейін көрсетілетін көмек. Алғашқы көмекті қиын сәтте зардап шегушінің жанында болған кез келген адам көрсете алады. Алғашқы көмек көрсету бір қарағанда қарапайым болып көрінер, бірақ шын мәнінде өте маңызды дағды және мұны әркім білуге тиіс.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"