Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамашылдығымен 1999 жылы бекітілген бұл мереке қазіргі таңда 100 астам әлем елінде атап өтілуде. Дүниежүзілік жүрек күнінің мақсаты – әлемде жүрек-қан тамырлары ауруларының індетінен туындайтын қауіптер туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ халықтың барлық топтарында жүректің ишемиялық ауруы және ми инсультіне қарсы кешенді профилактикалық іс-шараларға бастамашылық ету екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне сүйенсек, жүрек-қан тамырлары аурулары әлем бойынша өлім оқиғаларының басты себептерінің біріне айналып отырған көрінеді.
Осыған орай ҚТЖ-да алғаш рет өткізіліп отырған Жүрек күніне арналған семинар Қауіпсіздік минутынан басталды. Бұдан кейін Компанияның Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің директоры Әділбай Семенов сөз алып, семинардың мақсаты – Дүниежүзілік жүрек күні аясында компания қызметкерлерінің жүрек аурулары проблемалары туралы білімдерін арттыру және ұсыныстар беру екенін атап өтті.
– Жүрек күні көптеген іс-шаралардың, яғни көрмелер, лекциялар, фестивальдар, семинарлардың басын қосады. Біздің компания бүгін «Archimedes Medical Group» ЖШС-мен бірлесіп семинар өткізіп отыр. 2024 жылдың 8 айында компания қызметкерлері арасында денсаулығының кенеттен нашарлауының 24 жағдайы тіркелді, оның ішінде 18 жағдай жүрек-қан тамырлары ауруларымен байланысты, өкінішке орай, биыл 8 қызметкер осы аурудан қайтыс болды. Бүгін біз медицина қызметкерлерімен күш біріктіре отырып, семинар бағдарламасына сәйкес жүрек-қан тамыр жүйесінің саулығына назар аудармағанда туындайтын қауіптер туралы, жүрек ауруының қаупін азайтуға бағытталған салауатты өмір салтын насихаттау туралы мағлұмат-ақпараттар береміз, – деді департамент директоры.
Бұдан кейін жүрек қан тамырлары ауруларынан қайтыс болған теміржолшыларды еске алған бір минут үнсіздік орнады. Семинардың күн тәртібіне сәйкес «Archimedes Medical Group» ЖШС бас дәрігері Наталья Васильевна Шевченко «Жүрек қан тамырлары аурулары, өзектілігі және проблемалары», ал осы серіктестіктің кардиолог дәрігері Айнұр Үркімбаева жүрек-қан тамырлары ауруларының алғашқы белгілері, науқастың тактикасы тақырыптарында баяндады. «ҚТЖ» ҰК»АҚ бас менеджері Гуля Кембаева жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, жүрек-қан тамыр ауруларын шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, семіздік, ішімдік ішу сияқты зиянды факторлардан бас тарта отырып, алдын алуға болады екен. Семинарда АНД (дефибрилляторлар) көмегімен жүрек-қан тамырлары ауруларына алғашқы көмек көрсету слайдтар арқылы таныстырылды. Сонымен қатар дәрігерлер сала қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Семинар соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жүрек күнін жоғары деңгейде өткізіп, теміржолшыларға жүрекқан тамырлары ауруына қатысты маңызды мағлұматтар беріп, алтын уақыттарын бөлген ақ халатты абзал жандарға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"